Елордада обырға ота жасау бойынша дәріс өткізілді
Астанадағы Көпсалалы медицина орталығында өткен шарада еліміздегі жетекші онколог мамандар науқастарға хирургиялық ота жасап, шеберлік кластарын көрсетті деп хабарлады Elorda info.
Мамандардың айтуынша, еліміздегі әрбір 100 мың адамның ішіндегі 60-ы обырға шалдыққан. Ал аты жаман аурулар, негізінен, хирургиялық ота және сәулелендіру арқылы емделетіні белгілі. Дәрігерлер осы кеселді емдеу жолдарын жетілдіру үшін жыл сайын дәстүрлі түрде өзара тәжірибе алмасып тұрады.
Аталған іс-шара 22-24 қараша аралығында Онкологтар мен радиологтар альянсының ұйымдастыруымен өтетін «Қазіргі онкологияның өзекті мәселелері, жетістіктері мен инновациялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның аясында ұйымдастырылып жатыр.
Бүгін Көпсалалы медицина орталығында 4 шеберлік класы өтіп жатыр. 1-ші шеберлік класы «VATS бейнеторакоскопиялық өкпе резекциясы» деп аталады. Алматыдан келген жоғары санатты онколог-хирург Валерий Макаров пен осы орталықтың жоғары санатты дәрігері Қазыбек Қарабаев өкпе обырына ота жасауда. 2-ші шеберлік класы лапароскопиялық гастрэктомияға арналды. Асқазанға түскен кеселмен күресу жолын ақтаулық онколог-хирург Мұхамеджан Нұрғазиев өз іс-тәжірибесінен көрсетіп жатыр. Ал 3-ші отада науқастың тік ішегіндегі ісік эндоскопиялық жолмен алып тасталса, 4-ші шеберлік класы «Заманауи жедел эндоскопия» деп аталды. Аталған оталар бірнеше білікті дәрігерлердің қатысуымен жасалды, - деді орталықтағы салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Сәуле Шагирова.
Операция бөлмелерінде осындай аса маңызды оталар жасалып жатқанда, бұл бөлмелердегі іс барысын тек орталықтың мамандары ғана емес, тікелей трансляция арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған дәрігерлер онлайн көріп отырды.
Іс-тәжірибемізден байқағанымыз, елімізде обыр аурулары жыл сайын көбейіп барады. Соның ішінде омырау, өкпе кеселдеріне шалдыққандар саны артып отыр. Бұған бірінші кезекте нашар экология, дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын сақтамау, спортпен шұғыданбау әсер етеді деп есептейміз. Сондай-ақ адам ағзасындағы генетикалық ауытқулар мен тұқым қуалау процестері де аурудың туындауына әкеледі, - дейді орталық директорының орынбасары Талғат Құрманов.
Дәрігер стресс пен уайым-қайғының да аурудың алғышарты болатынын айтты. Бұдан басқа гаджеттер мен интернеттің де адам ағзасына аз зардап әкелмейтініне тоқталды. Оның айтуынша, бұл кеселдің емі бар, бірақ ем нәтижелі болуы үшін науқас медициналық тексерістерден неғұрлым ертерек өтіп, дерттің меңдемей тұрған кезінде дәрігерге қаралғаны абзал.
Обырдың 4 кезеңі бар. Әдетте науқастар ауруын әбден асқындырып барып 3-ші, 4-ші кезеңдерінде ғана емге келеді. Алайда бұл кезде ісіктің бетін қайтару қиындап кетеді. Сондықтан көпшіліктің өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамай, жылына бір рет омырау, жатыр және тік ішектегі патологияларды скринингтер арқылы тексертіп тұруларын сұраймыз, - деді маман.
Мамандар бүгінгідей шеберлік класының онколог дәрігерлер үшін пайдасы зор екенін айтады. «Өйткені мұндай күрделі оталарды жасау үнемі тәжірибені жетілдіріп отыруды талап етеді» дейді дейді олар.
Алдағы екі күнде «Қазіргі онкологияның өзекті мәселелері, жетістіктері мен инновациялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Оған Қазақстан және ТМД елдерінен онкология саласындағы жетекші мамандар шақырылды. Конференцияға жалпы 600-дей медицина қызметкері қатысады деп жоспарланып отыр. Ал еліміздегі және шетелдегі өзге мамандар спикерлерді тікелей трансляция арқылы онлайн тыңдайтын болады.