Балалар интернет-платформа арқылы психологиялық кеңес алады
Балалар мен жасөспірімдер USuppot интернет-платформасы арқылы мамандардан психологиялық қолдау ала алады. Аталған жобаны Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп отырып іске асыратын болады, деп хабарлады Elorda.info.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жасөспірімдер мен жастар психикалық дағдарыстармен, соның ішінде мазасыздықпен, депрессиямен және басқа да жағымсыз эмоционалды жағдайлармен бетпе-бет келіп жүр.
ДДҰ мәліметтері бойынша, мұндай жайсыз жағдайлар 14 жастан басталып, 24 жасқа дейін дамиды. Ал олар мамандарға жүгінуге қорқады.
USupport онлайн қызметтер көрсету саласындағы әлемдік сарапшылардың озық тәжірибесі негізінде әзірленуде. Осы платформа арқылы анонимді көмек алуға және бейне, аудио, чаттарға қол жеткізуге болады. Мұнда ең көп таралған психикалық денсаулық мәселелері және жас ұрпақтың психоәлеуметтік мәселелері талқыланады.
Пайдаланушылар маманды және уақытты өздері таңдау арқылы онлайн консультация ала алады.
Қазіргі уақытта платформаның ақпараттық мазмұнын әзірлеу жүзеге асырылуда. Жоба 2023 жылдың соңына дейін іске қосылмақ.