00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада 230 мыңнан аса тұрғын МӘМС жүйесімен қамтылмаған

Астанада 230 мыңнан аса тұрғын МӘМС жүйесімен қамтылмаған

Қазіргі уақытта Астана қаласы тұрғындарының 82,6%-ы МӘМС жүйесінің қатысушылары, ал сақтандырылмағандар үлесі – 17,4%, деп хабарлады Elorda.info.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының мәліметінше, 28 ақпанда сақтандырылған тұрғындар саны 1 090 499 болған. 230 091 тұрғын МӘМС жүйесімен қамтылмаған.

Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады.

Әйтсе де, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы, т.б.) көмек ала алады, - деп жазды ведомстводан.

Мәліметтерге сүйенсек, Астанада бірде-бір рет сақтандыру жарнасын төлемеген азаматтар да бар. МӘМС пакетіндегі қызметтерді, соның ішінде бағасы қымбат медициналық қызмет түрлерін пайдалану үшін, олардың МӘМС жарналарын төлегені жөн. Ол үшін төлем түрін таңдауы қажет:

1.Егер азамат алдағы уақыттағы болуы мүмкін қажеттіліктер үшін сақтандырылғысы келсе, ай сайын 3450 теңге мөлшерінде Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлесе болады. БЖТ өткен айларға төлей алмайды, сондықтан ағымдағы айдан бастап үздіксіз 3 айға төлесе, үшінші айда «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады.

2. Егер пациентке жуық арада МӘМС пакетіндегі қызмет қажет болса, онда өз бетінше дербес төлеуші ретінде өткен 12 айдың әр айына 3500 теңгеден төлейді.

Естеріңізге саламыз, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.