00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жеті мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды

Жеті мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезіне қатысты, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент, ең алдымен, жиынға қатысушыларды Ұстаздар күнімен құттықтап, еліміздің болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті.

Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударды.

Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент айрықша тоқталған өзекті мәселенің бірі – мектептегі орын тапшылығы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2 300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен «үш ауысыммен» оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету қажет екенін атап өтті. Өйткені цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен, сабақтарымен қамтамасыз етуге болады.

Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорытындылай келе, Қазақстан Конституция бойынша зайырлы мемлекет екеніне назар аударды. Сондай-ақ қоғамда қызу пікірталасқа ұласқан дін мәселесіне байланысты пікір білдірді.

Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Жиын барысында Астана қаласындағы және өңірлердегі мектептер мен колледждерде еңбек ететін ұстаздар сөз сөйлеп, білім саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді. Аталған марапат еңбек ардагері Майра Мәмбетоваға (Алматы қаласы), Қожаберген жырау атындағы орта мектеп мұғалімі Айжан Қапезоваға (Петропавл қаласы), С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының мұғалімі Роза Салимоваға (Түркістан облысы), А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Сәбира Күлпейісоваға (Қарағанды қаласы), академик Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің мұғалімі Сәбит Ибадуллинге (Павлодар облысы), Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Ержановаға (Астана қаласы), Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі Баян Базарғалиеваға салтанатты түрде табысталды.