Лицензиясыз жұмыс істеген 66 мектептің 18-і ғана қалды – министр


Үкімет үйінде Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша ҚР Үкіметінің баспасөз конференциясы өтуде. Онда вице-премьер Ермек Көшербаев және бірқатар салалық министрлік өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Журналистердің бірі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа елімізде 66 мектептің лицензиясыз жұмыс істегені туралы сұрақ қойған болатын.
«Жалпы мектептер сапалы және оқушыларға жайлы орта қалыптастыруы үшін лицензиямен жұмыс істеу өте маңызды. Лицензиясыз жұмыс бастамау туралы біз жергілікті атқарушы билікке үнемі ескертіп отырамыз. Жаңағы сіз айтқан лицензиясыз жұмыс істеген 66 мектептің бар-жоғы 18-і қалып отыр. Оларды да оқу жылының басына дейін барлық жергілікті атқарушы органдар қалыпқа келтіруге үлкен жұмыс жасап жатыр. Лицензиясыз мектептердің пайда болуы туралы айтсам, жыл сайын 200-ден аса жаңа мектептер іске қосылуда. Сол кейбір жағдайдарда әкімдіктер немесе мектептер лицензия алып үлгермей жатады. Сондықтан біз қазір заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіп, лицензия алмас бұрын мектептерді алдын ала толық дайындықтан өту мәселесін көтерудеміз. Мұндай мәселені келесі жылдары түбегейлі болдырмау мақсатында нақты шаралар қабылданып жатыр», - деді ол.