Еліміздегі барлық мектепте оқу жылы 31 мамырда аяқталады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы бұйрыққа қол қойды, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова Facebook парақшасында жазды. Бұйрық бойынша елдегі барлық мектепте оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Ал соңғы қоңырау 1 маусым күні соғылса, емтихандар 2 маусымнан басталады.
Құжатқа сай 9 (10) сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығына жоспарланса, 11 (12) сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары 5-19 маусым аралығында өткізіледі.
Емтихан бойынша 10-сынып оқушыларына мынадай кесте бекітілген:
жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2 маусым;
математика бойынша жазбаша емтихан – 6 маусым;
өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан – 9 маусым;
таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан – 13 маусымға жоспарланған.
Ал 11 сыныптар үшін емтихан кестесі:
оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан – 5 маусым;
алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 8 маусым;
Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 12 маусым;
өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 15 маусым;
таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан – 19 маусымда өткізіледі.