00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елімізде ауыл оқушыларына арналған олимпиада басталды

Елімізде ауыл оқушыларына арналған олимпиада басталды
Фото: IQanat баспасөз қызметінен

Республика бойынша 170 ауданда IQanat олимпиадасының І туры басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Интеллектуалдық сайысқа ауылдық елдімекендерде тұратын 56 мың сегізінші сынып оқушысы қатысады.

IQanat Олимпиадасының ерекшелігі – академиялық жетістіктері мен мектептегі бағаларына қарамастан әрбір баланың қатысуы. Дәстүрлі тестілеулерден айырмашылығы бар.  IQanat тапсырмалары оқушының логикалық және математикалық ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеруі сынды қабілеттерін бағалауға бағытталған.

Бұл мүмкіндіктерді балаларға IQanat жобасының қамқоршылары ұсынып отыр. Олардың қатарында қазақстандық ірі бизнестің, сондай-ақ ШОБ өкілдері болып табылатын, елімізге танымал 160 кәсіпкер бар.

Жоба қамқоршысы Алмаз Төлтаев ауыл балаларының дамуына не үшін қаржы құю қажеттігін түсіндірді:

«Мен отбасының тұрғылықты жері мен қаржылық мүмкіндіктеріне қарамастан әрбір балаға сапалы білім мен ол ұсынатын мүмкіндіктер қолжетімді болуы керек деген сенімдемін, сондықтан IQanat жобасын қолдадым. Жоба ауыл балаларына қазіргі уақытта ең қажетті дағдыларға жүйелі түрде оқытады және бұл өзінің тікелей нәтижелерін береді. IQanat бағдарламасымен қамтылған балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантпен оқуға қабылдануда. Қазір IQanat түлектері әлемнің 17 елінде білім алып жатыр. Бұл жобаға қосылу біздің еліміздің тұрақты дамуы мен адам капиталына инвестиция құюды білдіреді. Өйткені, дәл осындай ынталы балалардан келешекте үлкен өзгерістер жасай алатын мықты ұрпақ шығады», - деді ол.

Бірінші турда жеңімпаз атанған 10 мыңға жуық бала екінші – облыстық турға өтіп, оның аясында тест тапсырудан бөлек, IQanat жобасының үш күндік дайындық шарасы – қарқынды білім беру және ынталандыру тренингтеріне қатысады.

Екінші турда финалға өтетін 1000-ға жуық бала айқындалады. Финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына оқуға қабылданып, олардың жатын орны, тамағы, формасы мен оқу материалдарына қажетті шығындары түгел өтеледі. Финалистердің екінші бөлігі IQanat олимпиадасынан кейінгі үш жылдық қолдау бағдарламасына тегін қабылданып, оның аясында балалар ҰБТ, халықаралық емтихандарға белсенді дайындалады, ағылшын тілін, IT дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлік негіздерін меңгереді. Бұл ретте балалардың жетістіктері оқу барысында да, одан түлеп ұшқаннан кейін де бақылауда болады.