Биыл ел бойынша 4 миллионға жуық оқушы мектепке барды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандықтарды Білім күнімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Құрметті әріптестер! Қадірлі ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар! Бүгін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 8 мыңнан астам мектеп 4 миллион оқушыға өз есігін айқара ашады. Оның ішінде бірінші сыныпқа 360 мыңнан астам бала келеді. Оқушылар мен олардың ата-аналарын осы маңызды күнмен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Республикалық тамыз конференциясында педагогтердің қоғамдағы рөлі мен мәртебесіне айрықша тоқталды. Бұл қағида бүкіл қоғам үшін негізгі бағдар болуы тиіс. Балалардың сапалы білім мен тәлімді тәрбие алуы үшін мемлекет барынша қолайлы жағдай жасап келеді», - деді министр.
Президенттің қолдауының арқасында елімізде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда білім береді.
«Бүгінгі таңда 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, тағы 245 ғимарат реновациядан өтуде. Нәтижесінде жарты миллионнан астам қазақстандық оқушы осы жылдан бастап заманауи әрі жайлы мектептерде білім алмақ», - деді Ғ.Бейсембаев.
1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және «ДосболLIKE» антибуллингтік жобасы іске қосылады. Сондай-ақ кезең-кезеңімен мектептерге бірыңғай дизайн-код енгізіледі. Барлық мектептерде жасанды интеллектінің жаппай еңгізу қадам-қадаммен іске асырыла бастайды.
«Жұмысшы мамандықтарын таңдаған студенттердің барлығы колледждерде тегін білім алады. Отандық 5 колледж жетекші кәсіпорындармен және әлемдік білім беру орталықтарымен бірлесіп жұмыс істей бастайды. Бізді алда маңызды оқиғалар күтіп тұр! Алматы қаласында Бүкіләлемдік инклюзия конгресі, Ақтауда TurkSkills – түркі әлемі елдерінің жұмысшы мамандықтары чемпионаты өтеді. Сондай-ақ елімізде Ата-аналар комитетінің алғашқы республикалық форумы ұйымдастырылады», - деді Оқу-ағарту министрі.



