Астанада кадрлық резерв арқылы 35 мектеп директоры тағайындалды

Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында соңғы екі жыл ішінде 35 білім беру ұйымына жаңа директор тағайындалды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жобаның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарына жаңа форматтағы басшыларды даярлау, басқару жүйесіне заманауи менеджмент қағидаттарын енгізу және мектептерді білікті мамандармен қамтамасыз ету.
Әсіресе, «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында ашылып жатқан жаңа білім ордаларына сапалы басшылық құрамын қалыптастыруға айрықша мән беріліп отыр. Кадрлық резервке қабылданған педагогтар дәстүрлі конкурстық рәсімдерден өтпей, арнайы даярлықтан соң тікелей бірінші басшы лауазымына тағайындалады.
Соңғы екі жылдың ішінде осындай мүмкіндікті 35 педагог иеленіп, елорданың білім беру ұйымдарының директоры қызметіне кірісті. Оның ішінде 15 педагог жаңа келешек мектептеріне директор болып тағайындалды.
Бұл бастама елорданың білім беру саласын дамытуға, мектептердің басқару сапасын арттыруға және оқушылар үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға елеулі ықпал етіп келеді.



