Жетім балалар санын азайту – негізгі мақсатымыз
Жетім балалардың, шаңырағы шайқалған отбасылардың санын азайту – негізгі мақсатымыз. Бұл туралы бүгін елордада өткен «Отбасы және қоғамның өзекті мәселелері. Ата-аналар қауымымен жұмыс жасаудың басым бағыттары» атты жиында Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Әсима Бимендина айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Әр мемлекеттің болашағы, қуанышы, бақыты – балалар мен жас ұрпақ. Сондықтан балалардың жағдайы, ата-аналардың тәрбие беруде кезігетін өзекті мәселелері ең бірінші орында тұруы керек. Өз тәжірибеммен бөліссем, балалардың құқығын қорғау мәселесімен ата-аналар көптеп келеді, - деді Әсима Бимендина.
Оқушылар сарайында өткен жиында ата-аналармен жүйелі жұмыс істеу, оларға көмек көрсету және кей отбасылардың шешілмей жатқан мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ, Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі ата-аналармен жұмыс істеу және оларға көмек көрсету үшін арнайы сауалнама жүргізгенін айтты.
Желтоқсан айында 40-қа жуық мектеп оқушыларының ата-аналарына жүргізген сауалнамаға 21 000 адам жауап берді. Сауалнама жауаптарына талдау жасап, алдағы уақытта ұстаздар, психологтар, қоғам белсенділерімен бірге барлық мәселенің шешілуіне бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолға салу – басты міндетіміз. Екінші мәселе, мектептердегі тәрбие жұмысы тек мұғалімдер ғана емес, ата-аналарға да тікелей қатысты. Баланы тәрбиелейтін ата-ана, мектеп, қоғам – бәрі бірге ұйысса, тәрбиені жүйелі жүргізуге негіз болары сөзсіз, - деп түйіндеді сөзін Ә.Бимендина.
Жиын барысында «Қоғамның жаңаруы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Владимир Евдокимов қазіргі ата-аналарды алаңдататын мәселеге тоқталды.
Сауалнама нәтижесі бойынша біз ата-аналарды алаңдататын біраз проблеманы білдік. Мәселен, 238 ата-ана баласының жауапкершілігінің төмендігіне алаңдайтынын айтыпты. Бастысы осы проблеманы олар түрлі әдіс арқылы шешкісі келеді. Біз осы мәселелерді қолға алып, шешу жолдарын ұсынамыз, - деді Владимир Евдокимов.
Сондай-ақ, жиын барысында ата-аналарда пайда болатын қиындықтар және оларды шешу жолдары тақырыбында Астана әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы – бас инспектор Қарлығаш Саркенова, «Qoldau» білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Фарида Сағындық, Астана қаласы Полиция департаменті Ювеналды полиция бөлімінің басшысы Нэлля Дощанова, елордадағы №91 мектеп-гимназияның директоры Алмагүл Сегізбай және т.б сөз алып, ой-пікірлерімен бөлісті.