Жұлдыз Сүлейменова: Ерекше білім беру қажеттілігі бар 230 мыңнан астам балаға қолдау көрсетіледі

Жұлдыз Сүлейменова: Ерекше білім беру қажеттілігі бар 230 мыңнан астам балаға қолдау көрсетіледі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың кешенді орындалуы туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының елдегі білімге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде инклюзивті ортаны дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар әрбір бала толыққанды білім алуға мүмкіндік алуы тиіс екенін атап өтті.

2025-2026 оқу жылының басындағы мәлімет бойынша Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Бүгінгі таңда олардың 90%-ы арнайы қолдаумен қамтылған, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. 539 арнайы білім беру ұйымы бар, олардың ішінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, түзету кабинеттері мен оңалту орталықтары және тағы басқасы бар. Педагог-ассистенттер лауазымын енгізудің нәтижесінде үйде оқитын бала саны 11%-ға төмендеді, яғни 2 мыңға жуық бала мектепке келуге мүмкіндік алды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді, оның аясында үйде оқитын балалардың үлесін азайту көзделген.

«Министрлік Инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың кешенді орындалуын қамтамасыз етеді. Инклюзивті білім беру жағдайында оқитын балаларға қолдау көрсету мақсатында 1 мыңнан астам орта білім беру ұйымында инклюзивті білімді қолдау кабинеті ашылды. Ал биыл жоспар бойынша қосымша 40 қолдау кабинеті ашу көзделген. Біз арнайы педагогика бағыттарының тізімін 8 профильге дейін кеңейттік. Балаларды қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін 360 арнайы оқу бағдарламасы және 300-ден астам оқулық, оқу-әдістемелік кешен әзірленді. Сондай-ақ, педагогтер, арнайы мамандар мен ата-аналардың қарым-қатынасын ұйымдастыру бойынша 160 әдістемелік ұсыным дайындалды», - деп атап өтті министр.

Еске сала кетсек, Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңартылған тәсілін ұсынды.