Жолаушы көрмейтін жұмыс: №1 автобус паркінің түнгі тіршілігі қандай (репортаж)
Сағат түнгі 22:45. Астана көшелеріндегі кешкі қарбалас саябырси бастаған шақ. Бірақ №1 автобус паркінде дәл осы сәтте жұмыс енді ғана қыза түседі. Бір автобус базаға кірсе, екіншісі жуу алаңына бұрылып барады. Арғы жақтан темірдің тарсылы, дәнекерлеу аппаратының шырылы естіледі. Жанармай құю бекетінде кезек көбейген. Бірнеше сағаттан кейін осы жерден жүздеген автобус қала көшелеріне тарайды. Ал қала тұрғындары ұйықтап жатқанда мұнда жаңа жұмыс күні әлдеқашан басталып кеткен.
Elordainfo.kz тілшісі №1 автобус паркінің түнгі тіршілігіне куә болып, көпшілік көре бермейтін еңбектің қалай ұйымдастырылатынын көріп қайтты.

325 шақырымнан кейінгі аялдама
Күндіз жүздеген жолаушыны діттеген жеріне жеткізген автобустар бірінен соң бірі паркке оралып жатыр. Солардың бірінің тізгінінде отырған Айымгүл Рахимова бүгінгі жұмыс күнін аяқтап келеді. Оның бүгінгі көрсеткіші – алты айналым, шамамен 325 шақырым.
Автобус жуу алаңына кезек күтіп тұрған жүргізушімен әңгімелестік.

«Бүгін алты айналым жасап, шамамен 325 шақырым жүрдім. Таңғы сағат 05:00-де паркке келіп, 06:12-де алғашқы рейсімді бастадым. Енді автобусты жууға өткізіп жатырмын», – деді ол.
Айымгүл Рахимова қоғамдық көлік саласында 25 жылдан бері еңбек етеді. Алғашында троллейбус жүргізіп, кейін автобус тізгініне отырған.
«Әкем де жүргізуші болды. Бала кезімізден қасында жүрдік. Сол кезде жүргізушілерге деген құрмет ерекше еді. Әкемнің жолын қуғым келді. Сегіз ай оқып, троллейбус жүргізушісі атандым. Он жыл троллейбус жүргізіп, кейін D санатын алып, автобусқа ауыстым. 2013 жылдан бері №1 автобус паркінде еңбек етіп келемін», – деді кейіпкер.
Әйел адамның автобус жүргізетініне әлі күнге дейін таңғалатын жолаушылар аз емес.
«Кейбір жолаушы автобусқа алғаш отырғанда мені көрген соң әйел адамның автобусты тізгіндеп келе жатқанына сенімсіздікпен қарайды. Бірақ жолдың соңына дейін ешқандай мәселе болмайтынын көргенде күліп түсіп жатады», – деді ол.
Жүргізушінің айтуынша, бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді.
«Кейде жұмыстың ырғағына әбден үйреніп кетесің. Ауысым аяқталғаннан кейін де аялдаманы көрсең, автоматты түрде тоқтап қалатын кездер болады», – деді ол жымиып.
Сол күні соңғы екі айналымда қызы да анасының жанында болған.

«Анашым, сені сағынып кеттім», деді. Жазғы демалыс болғандықтан, бірге жүруге мүмкіндігі бар. Ал үйде қазір тағы екі балам күтіп отыр», – деді жүргізуші.
Автобус қалай «ұйықтайды»?
Жүргізуші автобусты жуу алаңына әкелді. Бірнеше минут бұрын қала көшелерінде жүрген көлік енді толық тазартудан өтеді. Автобус жуу алаңына кірген бойда мамандар арнайы әзірлеп қойған сабынды сумен көліктің сырты мен дөңгелектерінің дискілері мұқият жуылады.


Жоғары қысымды су атқылады. Артынша автобустың сырты көбікпен жабылып, шайылды. Артынша алып айналмалы щеткалар екі бүйірін бір мезетте тазалай бастады.

Бұл уақытта тағы бір топ қызметкер автобустың ішіне кіріп, тұтқаларынан бастап орындықтары мен еденіне дейін түгел тазалады.

Бірнеше минут бұрын ғана қала көшелерінде жүрген автобус көз алдымызда айнадай жарқырап шыға келді.
Жуу бекетінің операторы Жасұлан Нұрбақовтың айтуынша, таңертең алғашқы жолаушылар отырғанда автобустың іші де, сырты да тап-таза болуы үшін кешкі ауысымда бұл учаскеде шамамен 35 адам еңбек етеді.
Автобустың «кешкі асы»
Жуу аяқталған соң автобус паркі ішіндегі жанармай құю бекетіне беттейді.

Кассирдің айтуынша, бір түннің өзінде мұнда шамамен 240 автобус дизель отынын құяды. Газбен жүретін автобустар мен электробустар паркке қарасты басқа базаларда қуатталады.
Таң атқанша тоқтамайтын жөндеу цехы
Жанармай бекетінен кейін жөндеу аймағына беттедік.

Бұл жерде тыныштық жоқ. Бір жерде балғаның тарсылы естілсе, екінші шетте дәнекердің жарығы жарқылдайды. Автобустың астында жатқан механиктер таңға дейін жолға шығуы тиіс көліктердің ақауын қалыпқа келтіріп жатыр.

Жұмыс қарқыны соншалық, мамандардың көпшілігі бас көтеруге мұршасы жоқ. Әр минут қымбат. Өйткені таң ата бұл автобустардың қайтадан жолаушы тасымалдауға шығуы керек.
Түнгі ауысымда мұнда 15-тен астам слесарь автобустарды таңғы рейске дайындайды.
Жүргізушінің күні осы жерден басталады
Түнгі ауысымдағы ең қарбалас орындардың бірі – диспетчерлік бөлім.
Мұнда таңғы рейске шығатын жүргізушілер тіркеліп, жол құжаттарын алып, медициналық және техникалық тексеруге жіберіледі.
№1 автобус паркі бірінші колоннасының диспетчері Сәуле Ибраеваның айтуынша, әр жүргізушінің жұмыс күні дәл осы терезеден басталады.

«Жүргізуші келген соң алдымен құжаттарын қабылдаймыз. Кейін жол парағын береміз. Барлық мәлімет бағдарламаға енгізіледі. Одан кейін жүргізуші QR-код арқылы медициналық тексеруге барады. Кейін механик автобустың техникалық жағдайын қарайды. Егер бәрі дұрыс болса ғана рейске шығуға рұқсат беріледі. Ал ақау анықталса, автобус жолға жіберілмейді», – деді диспетчер.
Паркке цифрлық бақылау жүйесі енгізілген. Әр жүргізушінің жеке QR-коды бар. Таңертең рейске шығарда да, кешке паркке қайта кіргенде де сол арқылы тіркеледі.
Цифрлық жүйе қолданылғанымен, әр маршруттың қанша айналым жасағаны қағаз жүзінде де есепке алынады.
Бірінші колоннаның өзінен күніне жүзден астам жүргізуші өтсе, жалпы бірнеше колонна бойынша 850-ге жуық жүргізуші рейске шығады.

Диспетчерлердің тағы бір міндеті – автобуста ұмыт қалған заттарды қабылдау. Рейс аяқталған соң жүргізушілер тапқан телефон, сөмке немесе басқа да заттарды осында өткізеді. Кейін жоғалған заттардың иелері хабарласып, келіп алып кетеді.
Рейс алдындағы ең маңызды тексеру
Диспетчерден кейін жүргізушілер медициналық кабинетке кіреді.
Мұнда олардың қан қысымы, жалпы денсаулық жағдайы тексеріледі. Медициналық қорытындысыз ешкім рейске шықпайды.
Денсаулық көрсеткіштерінен бөлек, әр жүргізуші рейске шығар алдында және ауысым аяқталғаннан кейін алкогольдік масаңдыққа міндетті түрде тексеруден өтеді. Ол үшін арнайы алкотестер аппараты қолданылады.

Жүргізуші құрылғыға үрлеп, нәтижесі бірнеше секундтың ішінде экранда шығады.
Алкотестерден теріс нәтиже көрсеткен жүргізуші ғана рейске шығуға рұқсат алады. Ал кешкі тексеру жұмыс ауысымынан кейін жүргізушінің еңбек тәртібінің сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл талап жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және барлық жүргізуші үшін міндетті рәсім саналады.
№1 автобус паркінің медбикесі Махаббат Шалдықованың айтуынша, әр колоннаға жеке медицина қызметкері бекітілген.

«Күн сайын шамамен 70 жүргізушіні медициналық тексеруден өткіземін. Қан қысымын, жалпы жағдайын қараймыз. Егер денсаулығында түйткіл болса, жүргізуші рейске жіберілмейді. Ең бастысы – жолаушылардың қауіпсіздігі», – деді ол.
Махаббат Шалдықова кешкі сағат 20:00-ден таңғы 08:00-ге дейін жұмыс істейді.
«Қазір жүргізушілердің тәртібі жақсы. Бұрынғыдай келеңсіз жағдайлар сирек кездеседі. Көпшілігі талапты сақтайды», – деді медбике.
«Таңертең бәрі асығады...»
Автобус паркінің кеңсесіндегі күзетшісі де жүргізушілердің көңіл күйін күн сайын бақылап жүреді.

«Таңертең келгенде бәрі асығыс болады. Бар ойы – рейске уақытында шығу. Ал кешке жұмыстан қайтқанда көңіл күйлері мүлде басқа. Үйіне, отбасына асығады. Күліп, әзілдесіп шығады. Күнде көрген соң олардың көңіл күйінен жұмысының қалай өткенін де аңғаруға болады», – деді Қыздығой Бекназарова.
Бір түндегі тынымсыз еңбек
№1 автобус паркі – елордадағы қоғамдық көлік жүйесінің ең ірі кәсіпорындарының бірі. Ресми түрде 1974 жылы құрылған кәсіпорынға биыл 52 жыл толып отыр.

Замир Сағынов басқаратын парк ұжымында бүгінде 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 1 700-і – автобус жүргізушісі, 200-ден астамы – желілік бақылау қызметінің мамандары.
Парк қарамағында 5 база, 1 391 автобус бар. Оның 300-і газбен, 120-сы электр қуатымен, 762-сі дизель отынымен жүреді.
Күн сайын осы жерден 79 бағытқа 850 автобус шығып, тәулігіне шамамен 500 мың жолаушыны тасымалдайды. Бір аптаның ішінде бұл көрсеткіш 3,5 миллион адамға жетеді.
Қала оянғанға дейін...
Сағат түнгі бірге таяғанда парк ішіндегі қарбалас әлі де басылған жоқ. Кейбір жүргізуші ұзақ жұмыс күнін аяқтап, үйіне қайтуға асығып барады.

Алайда парк тынышталып үлгермейді. Таңғы сағат үштен бастап алғашқы жүргізушілер жаңа жұмыс күніне дайындалу үшін келе бастайды. Олар диспетчерден жол құжаттарын алып, медициналық тексеруден, алкотестерден және техникалық бақылаудан өткен соң ғана рейске шығуға рұқсат алады.
Таң ата осы жерден жүздеген автобус Астана көшелеріне тарайды. Қала тұрғындары күнделікті жұмысына асығып шыққанда олардың уақытында діттеген жеріне жетуінің артында дәл осы түнгі еңбек жатыр.
Жолаушы байқамайтын осы тіршілік №1 автобус паркінде күн сайын дәл осылай қайталанады. Қала ұйықтап жатқанда басталған еңбек таң ата жүздеген автобусты Астана көшелеріне шығарады.

Бұдан бұрын «Астана Тазалық» машинисінің (қысқы уақыттағы) түнгі ауысымдағы жұмысы туралы репортаж жазған едік.