Жетісу облысында 22 млн теңгеден астам шығын келтірген дропперлік схема әшкереленді
Жетісу облысында азаматтардың банк шоттарын алаяқтық схемаларда пайдаланған екі қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен полиция органдары азаматтарды өздерінің банк шоттарына қол жеткізу мүмкіндігін заңсыз беруге тартқан екі топты анықтаған. Кейін бұл шоттар интернет-алаяқтық схемаларында пайдаланылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 7-бөлігі бойынша тіркелген қылмыстық істер аясында қылмыстық әрекеттің 12 эпизоды анықталды. Алаяқтық салдарынан келтірілген жалпы материалдық шығын 22 млн теңгеден асты.
Қылмыстық істердің бірі бойынша 2026 жылғы 1 маусымда сот алты адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. Олар 1 жыл 6 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енген.
Ал екінші қылмыстық іс қазіргі уақытта сот қарауында.
Бас прокуратураның мәліметінше, биыл Жетісу облысында Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 31 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 16 іс сотқа жолданған, қалғандары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Прокуратура азаматтарға банк шоттарына, төлем құралдарына немесе сәйкестендіру деректеріне заңсыз қол жеткізуге мүмкіндік беру, оларды басқа адамдарға табыстау немесе үшінші тұлғалардың мүддесі үшін ақша аудару қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертті.
Сондай-ақ тұрғындарға банк карталарының деректерін, SIM-карталарды, SMS арқылы келетін растау кодтарын және мобильді банкингке қол жеткізу мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу ұсынылды. Ведомство мұндай әрекеттер алаяқтыққа қасақана қатысу ниеті болмаса да, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Бұған дейін жыл басынан бері Қазақстанда 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылғанын жазған едік.