Референдум-2026

Жыл басынан бері Қазақстанда 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды

Жыл басынан бері Қазақстанда 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды
Фото: pexels.com

Қазақстанда жыл басынан бері интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастырумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекеттерге 500-ден астам азаматтың тартылғаны белгілі болған.

Тергеу барысында дропперлердің банктік шоттары арқылы жалпы сомасы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілгені анықталды. Сонымен қатар соңғы екі айдың өзінде мыңнан астам дроп-карта бұғатталған.

ҚМА келтірген мәліметке сәйкес, Батыс Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін азаматтардың банктік шоттарын пайдаланған халықаралық «дроповодтар» желісінің қызметі тоқтатылды.

Тергеу барысында бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге өткізілгені белгілі болды. Кейін ұйымдасқан топ мүшелері банктік шот иесі болған 18 жастағы азаматты күш қолданамыз деп қорқытып, шоттарға қолжетімділікті қалпына келтіруге мәжбүрлеген.

Осыған ұқсас заңсыз схема Жетісу облысында да анықталған. Тергеу мәліметіне сәйкес, әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сенген жергілікті тұрғын кураторлардың тапсырмасымен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өзінің банктік шоттары арқылы қабылдап отырған. Кейін ол ақшаны криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылардың шоттарына аударып, әр операциядан комиссия алып келген.

Ал Түркістан облысында дропперлік схема Telegram мессенджері арқылы жасырын кураторлардың бақылауымен ұйымдастырылған. Олар сыйақы ұсынып, студенттер мен кәмелетке толмағандарды интернет-банкингке қолжетімділік беруге көндірген. Соның салдарынан 20-дан астам жас тергеуге тартылған.

Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлік схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, азаматтарды өздерінің банктік карталары мен шоттарын бөгде адамдардың пайдалануына жол бермеуге шақырды. Ведомствоның мәлімдеуінше, елдің қаржылық қауіпсіздігі әр азаматтың жауапкершілігінен басталады.

Бұған дейін интернет-алаяқтықтан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылғанын жазған едік.