Жазушылар Одағының төрағасы жаңа Конституциядағы тіл мәселесіне қатысты пікір білдірді

Жазушылар Одағының төрағасы жаңа Конституциядағы тіл мәселесіне қатысты пікір білдірді
Фото: видеодан алынған скрин

Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қалам мен қоғам: Конституцияның жаңа жобасына қаламгерлердің көзқарасы қандай?» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық етіп, қаламгерлердің саяси реформа мен Конституцияның жаңа нұсқасы бойынша пікір алысуға жиналып отырғанын жеткізді.

Дөңгелек үстелде Сауытбек Абдрахманов, Шәрбану Бейсенова, Роза Мұқанова, Қуаныш Жиенбай, Есберген Алауханов, Камал Әлпейісова, Жолтай Әлмашұлы, Ұларбек Дәлей секілді қаламгерлер Ата Заңның жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

«Еліміздің Конституциясында «Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Осыны біз мақтанып айтуымыз керек. Басқа тілге «неге қатар тұрады?» деп шүйлігуге болмайды. Ол – бізбен өмір бойы бірге келе жатқан тіл. Алаш зиялылары Санкт-Петербургте, Мәскеуде және басқа да шетелдерде оқыған. Алайда олардың бірі де сол кездің өзінде өзінің ана тілін ұмытқан жоқ. Олар өмір бойы өзінің тіліне қызмет істеп кетті. Біздің қазіргі ұрпағымыз да солай болуы керек», – деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов.

Бұған дейін Марат Шибұтовтың жаңа Конституция туралы қауесетті, жорамалдар мен жалған ақапаратты жария түрде жоққа шығарғанын жаздық.