Референдум-2026

«Жасыл даму» орман өрттерінің алдын алуға 16,9 млрд теңге бөлді

«Жасыл даму» орман өрттерінің алдын алуға 16,9 млрд теңге бөлді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында және Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ орман қоры, мемлекеттік табиғи аумақтар мен ұлттық парктерді өрттен қорғауды күшейтуге 16,9 млрд теңге бағыттады, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, жоба кәдеге жарату төлемі қаражаты есебінен қаржыландырылған. Бөлінген қаражатқа орман өрттерін ерте анықтайтын ЕАЖ-1 жүйелері енгізіліп, дрондар сатып алынды, бейнебақылау, байланыс және деректерді беру жабдықтары жаңартылды, сондай-ақ қажетті инфрақұрылым дамытылды.

Жоба аясында өңірлерге орман өрттерін ерте анықтауға арналған ЕАЖ-1 жүйесінің 14 кешені жеткізілді. Қаржыландыру Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарына бөлінді.

Мамандардың айтуынша, ЕАЖ-1 жүйесі түтінді, жану өнімдерін, температураның көтерілуін және жалынның инфрақызыл әрі ультракүлгін сәулеленуін тәулік бойы бақылап, өрт қаупі анықталған жағдайда ақпаратты жедел түрде диспетчерлік қызметке жібереді. Кейбір нысандарда кең шолу бұрышы бар автоматтандырылған бейнекамералар да орнатылған.

«Жасыл даму» АҚ-ның мәліметінше, өртті ерте анықтау жүйелерін енгізу, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және заманауи байланыс құралдарын қолдану орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғаудың тиімділігін арттырады. Бұл шаралар өртке жедел әрекет етуге, профилактикалық жұмыстарды күшейтуге және экологиялық әрі материалдық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін елімізде аңшылық және жануарлар дүниесін қорғау саласындағы реттеу күшейетінін жазған едік.