Астанада ата-аналарға арналған кітап бұрышы ашылды
Елордадағы Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейінде ата-аналарға арналған кітап бұрышы ашылды. Жаңа бастама ата-аналардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, отбасындағы оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мектеп-лицей директоры Гүлжамал Байменованың айтуынша, кітап бұрышын ашу идеясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде оқу мәдениетін дамыту және кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағытындағы бастамаларымен үндеседі.

«Балаға кітап оқуды үйретудің тиімді жолдарының бірі – оған ата-ананың күнделікті өмірдегі үлгісін көрсету. Сондықтан кітап оқуды тек оқушылар арасында емес, ата-аналар арасында да насихаттауды мақсат еттік», – деді мектеп директоры.

Кітап бұрыштары ата-аналар баласын күтіп отыратын орындарға орналастырылған. Мұнда жарық әрі жылы орын қарастырылып, ата-аналарға жайлы отыруға арналған орындықтар қойылған. Сонымен қатар айналасы гүлдермен безендірілген.

Мектеп басшылығының пікірінше, мұндай орта ата-ананың күту уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге бала ата-анасының кітап оқып отырғанын көріп, өзі де кітапқа қызығушылық танытуы мүмкін.

Кітап қорын қалыптастыруға мектеп ұжымы да атсалысқан. Ұстаздар жеке кітап қорынан әдебиеттер ұсынып, сөрелерді қазақ әдебиетінің классиктері мен көрнекті ақын-жазушыларының шығармаларымен толықтырған. Мұнда көркем және тарихи әдебиеттермен қатар, танымдық кітаптар, ертегілер мен балаларға арналған шығармалар да бар.

Атап айтқанда, кітап сөрелерінен Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Қасым Аманжолов, Бердібек Соқпақбаев, Мұхтар Әуезов, Дулат Исабеков, Әзілхан Нұршайықов, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, шетел әдебиетінен Джеймс Клир, Дейл Карнеги, Антуан де Сент-Экзюпери, Виктор Франкл, Робин Шарма, Марк Мэнсон, Грег МакКеон сынды қаламгерлердің шығармаларын кездестіруге болады. Алдағы уақытта кітап қорын ата-аналардың сұранысына қарай жаңа әдебиеттермен толықтыру жоспарланып отыр.

Мектеп директорының сөзінше, ата-аналар жаңа бастамаға қызығушылық танытып, баласын күту кезінде кітап алып оқи бастаған.
«Бұл – енді басталған жоба. Сондықтан кітап оқуды бір реттік әрекет емес, тұрақты әдетке айналдыру үшін жұмысты жалғастыру қажет. Алдағы уақытта кітап оқу мәдениетін насихаттайтын шағын бастамаларды да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді Гүлжамал Байменова.

Бастаманың негізгі мақсаты – ата-аналардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасап, кітапқа қызығушылығын арттыру және балаларға оқу мәдениетін жеке үлгі арқылы көрсету.

Мектеп басшылығы бұл бастама отбасында кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыруға ықпал етеді деп отыр.
