Жанна Досжанова: «Өскелең ұрпақты ауыз суды пайдалану мәдениетіне үйрету керек»
Астана сияқты қарқынды дамып келе жатқан бас қаланы сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету — зор жауапкершілікті талап ететін күрделі процесс. Бұл жүйенің артында тәулік бойы көз ілмей, су тазартудың әрбір кезеңін жіті қадағалап отырған су шаруашылығы саласының нағыз майталмандары тұр. «Астана су арнасы» кәсіпорнында 20 жыл бойы еңбек етіп, қарапайым жұмысшыдан жетекші инженер деңгейіне дейін көтерілген тәжірибелі маман Жанна Досжанова елорданы сумен қамтудың қыр-сыры мен суды үнемдеу мәдениеті туралы өз сарапшылық пікірін бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бас қаланың бас сорғы-сүзгі станциясындағы су тазарту жұмысы — бір сәтке де тоқтамайтын, қатаң бақылауды қажет ететін өндіріс. Судың әрбір тамшысы қала тұрғындарының үстеліне жеткенше, бірнеше сағаттық күрделі сүзу және залалсыздандыру кезеңдерінен өтеді.
Бұл процестің маңыздылығы мен қиындығы туралы Қазақ сәулет-құрылыс академиясының түлегі, Астана су арнасы сорғы-сүзгі станциясының жетекші инженер-технологы былай дейді:
«Жетекші инженер-технологтың негізгі міндеті — суды тазартудың барлық технологиялық процесін бақылау. Реагенттерді процеске қосу, суды тазартудың барлық кезеңдерінде сынақ зертханасы талдауларының мониторингі, қалаға сапалы суды қажетті көлемде беру технологтың негізгі лауазымдық міндеті болып табылады. Суды тазартудың бүкіл процесі 5-7 сағатқа созылады. Бұл — толық жұмыс күні, тазарту үшін суға қосылатын қымбат реагенттер мен қолданылатын заманауи жабдықтар, жүздеген адамның еңбегі. Мұның бәрі қаланың тарату желісіне сапалы және қажетті мөлшерде су жеткізуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Су шаруашылығы — тек теорияны емес, тәжірибені де талап ететін сала. «Астана су арнасы» мекемесінде тапжылмай 20 жыл еңбек еткен маманның өмір жолы — жас буынға үлгі боларлықтай нағыз мансап сатысы. Ол зертханадан бастап, басқарушылық деңгейге дейінгі барлық өндірістік кезеңдерді өз көзімен көріп, зерттеген.
«2026 жылдың наурыз айында Астана су арнасында жұмыс істегеніме 20 жыл болды. Мен өсудің барлық кезеңдерінен өттім деп айта аламын. 6 жыл сынақ зертханасында ауысымдық зертханашы болып жұмыс істедім, содан кейін сорғы-сүзгі станциясында ауысым бастығы болып жұмыс істедім және 2012 жылы сорғы-сүзгі станциясында жетекші инженер-технолог болдым. Жұмысшы мамандығынан ИТЖ-ға (инженерлік-техникалық жұмысшылар) дейінгі мансап сатысы бойынша өттім.
Мен сумен жабдықтау және кәріз мамандығы бойынша білім алдым. Осы мамандық бойынша алған білімім маған инженер-технолог лауазымында сорғы-сүзгі станциясында жұмыс істеуге көп көмектесті. Мен суды тазарту жүйесінде жұмыс істеген маман ретінде Елордамызды сумен қамтамасыз етуге үлкен үлес қостым деп ар-ұжданыммен айта аламын», - дейді Жанна Досжанова.
Бүгінгі таңда елімізде тұщы су ресурстарының тапшылығы сезіліп отырған тұста, суды тек өндіру ғана емес, оны ұқыпты тұтыну мәселесі де алдыңғы қатарға шықты. Сарапшы су айдындарын қорғау және экологиялық тәрбие беру ісін мектеп қабырғасынан бастап, қоғамдық деңгейде көтеру қажеттігін дабыл қаға айтады.
«Таза суға деген сұраныс әрқашан болған және болады да. Адамдарды суды үнемдеуге үйрету керек: бақтар мен бақшаларды ауыз сумен суармау қажет. Өскелең ұрпақты ауыз суды пайдалану мәдениетіне үйрету керек. Жас ұрпақты суды, өзендерді, көлдерді, теңіздерді, су қоймаларын қорғауға үйрету керек, өйткені олар ауыз судың көзі болып табылады. Мектеп географиясы бойынша біз Қазақстанда тұщы суы бар су айдындары өте аз екенін білеміз. Сондықтан барлық БАҚ-та, әлеуметтік желілерде қоршаған ортаға, біздің жағдайда суға ұқыпты қарау туралы мәселелер айтылу керек», - деді ол.
Елорда тұрғындарының үйіндегі аққан әрбір таза судың артында осындай білікті мамандардың 20 жылдық тәжірибесі, маңдай тері мен жауапкершілігі жатыр. Тіршілік көзін қадірлеу — әрбір астаналықтың міндеті.
Автор: Әдемі Сайрамбаева