Жанар Нақыпбаева: Жаңа Конституция – қоғамдық келісімшарттың жаңа үлгісі
Жаңа Конституция жобасы – тек құқықтық құжатты жаңарту емес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл қағидаттарын қайта қарау. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Жанар Нақыпбаева айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақстан әлеуметтік-саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Сарапшының пікірінше, ұсынылып отырған Конституция жобасы институционалдық трансформацияның маңызды бөлігі болып саналады.
«Бұл – мәтінді формалды жаңарту емес. Біз мемлекет пен қоғам арасындағы өзара әрекеттесу ережелерін қайта қарастырып отырмыз. Ұсынылған нормалар декларативті сипатта қалып қоймай, нақты әрі тиімді басқару тетіктеріне айналуы тиіс», – дейді Жанар Нақыпбаева.
Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер әрбір азаматтың өміріне тікелей немесе жанама түрде әсер етеді. Атап айтқанда, құқықтар мен міндеттердің ауқымы, сондай-ақ қоғамдық процестерге қатысу мүмкіндіктері нақтыланады.
Әлеуметтанулық тұрғыдан алғанда, жаңа жоба азаматтық белсенділікті арттыруға және кері байланыс арналарының тиімділігін күшейтуге негіз қалайды. Бұл өз кезегінде саяси сауаттылықтың өсуіне ықпал етуі мүмкін.
Сарапшы ерекше назарды Қазақстан Халық кеңесі институтын құру бастамасына аударады. Оның мәртебесі Конституция жобасында бекітіліп, нақты өкілеттіктер қарастырылған.
«Халық кеңесі тек консультативтік орган болып қалмайды. Оған ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, заң жобаларын Ұлттық Құрылтай қарауына енгізу, республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру сияқты маңызды функциялар беріледі», – деп атап өтті ол.
Жоспарға сәйкес, Халық кеңесінің құрамына 126 мүше кіреді. Олар этномәдени бірлестіктерден, қоғамдық ұйымдардан және өңірлерден (мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арқылы) ұсынылады. Бұл құрылым қоғамдық, аймақтық және этномәдени өкілдіктің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Мұндай алаң түрлі әлеуметтік топтар арасындағы диалогты жүйелі негізде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, оның тиімділігі тек құқықтық мәртебесіне емес, процедуралық ашықтығына, шынайы өкілдік деңгейіне және қабылданған шешімдердің практикалық ықпалына байланысты болады», – дейді сарапшы.
Жанар Нақыпбаеваның пікірінше, Халық кеңесінің нақты рөлі азаматтардың белсенділігіне де тәуелді. Қоғам ұсынылған қатысу құралдарын пайдалануға дайын болған жағдайда ғана жаңа институт толыққанды жұмыс істей алады.
Айта кетейік, «Астана Опера» ұжымы жаңа Конституция жобасын талқылады.