Жаңа заңға байланысты депозиттерге кепілдік беруде не өзгереді

Жаңа заңға байланысты депозиттерге кепілдік беруде не өзгереді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Банктер туралы жаңа заңға байланысты депозиттерге кепілдік беруде не өзгеретінін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры түсіндіріп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Еске салсақ, 16 қаңтарда ҚР Президенті «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңға және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңға қол қойды.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметінің хабарлауынша, салымшылар үшін депозиттер бойынша қолданыстағы кепілдік сақталады және олар халықтан депозит қабылдауға құқығы бар, базалық лицензияға ие жаңа банктерге де қолданылады.

«Банктер туралы жаңа заң банктік лицензияның екі түрін – әмбебап және базалық лицензияны енгізеді. Жұмыс істеп жатқан қазіргі банктер өз қызметін әмбебап лицензия бойынша жалғастырады және бұрынғыдай депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысады», делінген хабарламада.   

Жаңа банктер әмбебап лицензияны да, базалық лицензияны да ала алады. Базалық лицензия бойынша уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін, қабылданатын депозиттің максималды мөлшерін қосқанда, операциялардың көлеміне қатысты шектеулер қарастырылған.    
Бұл ретте мұндай депозиттер де қорғалады: Жүйеге қатысу – жеке тұлғалардан депозит қабылдау құқығына ие болған барлық банк үшін міндетті. 
Алайда Ислам банктері бұрынғыдай бұл жүйеге қатыспайды, қордың кепілдіктері мұндай банктегі депозиттерге қолданылмайды. 

«Ең маңызды жаңа өзгерістің бірі – лицензиясынан айырылған банктің салымшыларына өтем төлеу мерзімін қысқарту. Қазіргі уақытта төлемдер банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде басталады. Жаңа түзетулерге сәйкес бұл мерзім 20 жұмыс күніне дейін қысқартылған», делінген хабарламада.


Ал іс жүзінде депозиттерге кепілдік беру қоры төлемдерді бұдан да ерте бастаған: Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan бойынша өтем төлеу банктер лицензиясынан айырылған күннен бастап, 6-8 жұмыс күні ішінде басталды.   

Депозиттер бойынша кепілдіктер бұрынғы деңгейде сақталады. Банк лицензиясынан айырылған жағдайда қор салымшыларға – жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге өтем төлейді. 

Максималды кепілдік сомасы өзгеріссіз қалады және әдеттегідей оның көлемі салымның түрі валютасына тікелей байланысты: 

• теңгедегі жинақ салымдар үшін — 20 млн теңгеге дейін;
• теңгедегі басқа салымдар (мерзімді және мерзімсіз), шоттар мен банк карталары үшін – 10 млн теңгеге дейін;
• шетел валютасындағы салымдар, шоттар мен карталар үшін – теңгелік баламада 5 млн теңгеге дейін; 
• салымшының бір банктегі ұлттық және шетелдік валютадағы әртүрлі салымдары бойынша – салымдарының ішінде теңгелік жинақ салымы бар болған жағдайда, жиынтық көлемі 20 млн теңгеге дейін. Бұл ретте әрбір салымның түрі мен валютасы бойынша белгіленген шекті кепілдік сомалары есепке алынады. 
Еске салсақ, бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа Салық кодексінде кәсіпкерлерге қандай режимдер қарастырылғанын түсіндірді.