«Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыруға бағытталған бірқатар заңға қол қойылды – Ерлан Қарин
Бүгін Президент мемлекеттік саясаттың «Заң және Тәртіп» іргелі қағидатын практикалық тұрғыда одан әрі іске асыруға бағытталған бірқатар заңға қол қойды. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы, құқыққа қайшы келетін контенттің таралуын шектеу мәселелері туралы нормалар бекітілді, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин telegram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Заңнамалық жаңашылдықтарда:
– құқыққа қайшы келетін контентті, оның ішінде ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға бағытталған материалдарды орналастырып, таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу;
– қоғамдық орындарда тұлғаның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешек кигені үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу;
– балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға қатысты жаңа шаралар енгізу.
Заңнаманы жетілдіру құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, жалпы қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.