Жаңа Салық кодексі: 2026 жылдан бастап салық салу тәртібі өзгерді

10 қаңтар, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жаңа Салық кодексі: 2026 жылдан бастап салық салу тәртібі өзгерді
Фото: Оңалхан Өнерхан

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 18 шілдедегі №214-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Салық кодексі күшіне енді, осыған байланысты 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №120-VI ҚРЗ «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының Кодексі өз күшін жойды, деп хабарлады Elordainfo.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған барлық арнаулы салық режимдерінің қолданылуы тоқтатылды, ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық салық төлеушілер жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданушылар болып танылады.

«Салық кодексінің 723-бабында көзделген шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер үшін Салық кодексінің 840-бабымен өтпелі ережелер қарастырылған, оған сәйкес қолданылатын салық салу режимі (арнаулы салық режимі) туралы хабарламаны 2026 жылғы 1 наурызға дейін ұсыну қажет.

Аталған мерзімде мұндай хабарлама ұсынылмаған жағдайда, салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданушы болып танылады.

Егер 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін арнаулы салық режимін қолданған салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті қолданса және тіркеу деректерінде көрсетілген режимді өзгертуді қаласа, ол 2026 жылғы 1 наурызды күтпей-ақ, жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін көрсете отырып, қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ұсынуға құқылы», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде тіркеу деректерінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылатын салық салу тәртібі өзгертіледі.

2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі (арнаулы салық режимі) туралы хабарламаны ұсынбаған салық төлеушілерге тіркеу деректерінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібі автоматты түрде тағайындалады.

Салық кодексінің 714-бабының ережелері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Салық кодексінің нормаларына сәйкес жаңа арнаулы салық режимін таңдаған салық төлеушілерге қолданылады.