Жаңа Конституцияны қоғамдық санада орнықтыруда жүйелі жұмыстар қажет - Ерлан Қарин
Жаңа Конституцияны қабылдау жаңа, заманауи әрі серпінді мемлекеттік-саяси модельге көшкенімізді білдіреді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Дауыс беру нәтижелері біздің қоғамның президенттік реформалардың төңірегіне топтасып, тұтаса түсетінін растады.
Алайда, Ата Заңды қабылдау – алғашқы кезең ғана.
Мемлекет басшысы айтқандай, алдымызда заңнамалық базаны үйлесімді ету бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Алғашқы кезеңнің өзінде жаңадан 5 конституциялық заңды және шамамен 60 кодекс пен заңды қабылдау қажет», - деп атап өтті Қарин.
Келесі кезекте Құрылтай және Қазақстан Халық Кеңесі секілді жаңа институттарды қалыптастыру міндеті тұр.
«Үшінші, ең басты міндет – жаңа конституциялық қағидаттар мен құндылықтарды қоғамдық санада орнықтыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу. Бұл дегеніміз, ең алдымен, Тәуелсіздік және Егемендік, Әділетті Қазақстан идеясы, Заң және Тәртіп қағидаттары, бірлік және ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, адами капиталды дамыту, мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтары, еңбекқорлық, прогресс, табиғатқа деген қамқорлық.
Осылайша, Ата Заңның қабылдануымен конституциялық, институционалдық және идеологиялық деңгейлерде жаңа қоғамдық әдептің біртұтас мағыналық негізі қалыптасады», - деді Ерлан Қарин.
Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов 7 сәуірге дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жоспарын бекіту қажет екенін айтқан болатын.