Референдум-2026

Жамбылда заңсыз әкелінген 293 млн теңгенің темекісі тәркіленді

Жамбылда заңсыз әкелінген 293 млн теңгенің темекісі тәркіленді
Қаржылық мониторинг агенттігі видеосының скриншоты

Қазақстанға таңбалаусыз темекі өнімін заңсыз әкеліп, өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысының тұрғыны Қырғыз Республикасынан темекі өнімін заңсыз жеткізу арнасын ұйымдастырып, оларды өзіне бағынысты тұлғалар арқылы өткізген. 

Контрафактілік өнім Тараз қаласындағы сауда орындарында сатылып, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларына, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына жөнелтілген.

«Тергеу барысында 30-дан астам тінту жүргізілді. Заңсыз айналымнан жалпы құны 293 млн теңге болатын таңбасыз 319 мыңнан астам қорап темекі тәркіленді. 115 млн теңге акциз төленбеген.

Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында тауарды жеткізу мен өзара есеп айырысуды қамтамасыз еткен Қырғыз Республикасының азаматтары болған. Қаржы ағынын жасыру мақсатында банк жүйесінен тыс ақша аударуға мүмкіндік беретін бейресми «Хавала» есеп айырысу жүйесін пайдаланған», делінген хабарламада.

Сот санкциясымен өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш көлікке тыйым салынды. Бес күдікті қамауға алынды.

Еске салсақ, Қостанай облысында құны жарты миллиард теңгеге жуық вейп тәркіленді.