Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев жас сарбаздармен кездесті

Бүгін, 15:42
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев жас сарбаздармен кездесті
Фото: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде көктемгі шақырылыммен келген жас сарбаздармен тағылымды кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әскери қызметшілер алдында көрнекті әскери қайраткер, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев сөз сөйлеп, әскери қызметтің маңызы, Отан алдындағы жауапкершілік, тәртіп пен әскери антқа адалдық туралы ой бөлісті. Сонымен қатар ол өзінің өмірлік және әскери жолынан сыр шертіп, жас жауынгерлерге ақыл-кеңесін айтты.

– Әскери қызмет – қару ұстауды үйрететін орта ғана емес, ең алдымен мінезді шыңдайтын үлкен мектеп. Бүгін сіздер Қазақстанның қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау жолындағы алғашқы қадамдарыңызды жасап отырсыздар. Уақытты тиімді пайдаланып, білім алып, жан-жақты дамуға ұмтылыңыздар. Әскер сіздерді шыңдап, елінің тағдырына бейжай қарамайтын жауапты азамат ретінде қалыптастырады. Мемлекеттің сенімі мен ата-аналарыңыздың үмітін ақтаңыздар, – деді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

Кездесу барысында әскери бөлім командирі, полковник Жандар Әшірбеков те жас сарбаздарға ізгі тілегін білдіріп, олардың өміріндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтады.

– Әскери ұжым – үлкен отбасы. Бүгіннен бастап сіздер Ұлттық ұлан сапына қосылдыңыздар. Біз әрбір әскери қызметшінің жан-жақты дамуына, әскери мамандықтарды меңгеруіне және қызметті қауіпсіз өткеруіне барлық қажетті жағдайды жасап келеміз. Тәртіпті берік ұстанып, әскери антқа адал болыңыздар. Сонда бұл кезең өмірлеріңіздегі үлкен тәжірибе мектебіне айналады, – деп атап өтті әскери бөлім командирі.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жас сарбаздар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Әсіресе генералдың жауынгерлік жолы мен өмірлік тәжірибесіне қатысты әңгімелері әскери қызметшілерге ерекше әсер қалдырды. Кездесу туралы әсерімен жас сарбаз Олжас Өтепберген де бөлісті.

– Бүгінгі кездесу біз үшін өте маңызды болды. Генералдың өмір жолы мен айтқан ақыл-кеңестері бізге үлкен мотивация берді. Оның әскери қызмет туралы әрбір сөзі әр сарбаздың жүрегінен орын алды деп ойлаймын. Біз өзімізге артылған сенімді ақтап, Отанымызға адал қызмет ету үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді жас жауынгер.

Айта кетейік, мұндай кездесулер жас сарбаздардың патриоттық рухын нығайтып, әскери қызметтің мәні мен маңызын тереңірек түсінуге ықпал етеді. Ардагер генералдың өмірлік тәжірибесі мен тағылымды өсиеттері жас жауынгерлердің жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Бұған дейін Ұлттық қорғаныс университетін биыл Ұлттық ұланның 24 офицері тәмамдағанын жаздық.