Владимир Смирнов: Олимпиадада бала кезден бергі арманыма қол жеткіздім
Милан-2026 қысқы Олимпиадасының басталуына 3 аптадай ғана уақыт қалды. Осы орайда Elordainfo.kz сайтының тілшісі тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирновпен тілдесіп өткен жарқын сәттерді еске түсірді.
- Сіз Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалдыңыз. Әйтсе де сіз 1988 жылы КСРО сапында Калгариде жүлде алған едіңіз. 1994 жылы тәуелсіз Қазақстан атынан шыққан сәтте қандай сезімде болдыңыз?
- Әрине, Лиллехаммердегі қысқы Олимпиадаға қазақтың көк туының астында барғандықтан, қобалжу болды. Ал Олимп шыңын бағындырған сәтте еліміздің, бапкерлерім мен достарымның үмітін ақтағаныма қуандым. Нәтижесінде мен 1 алтын, 2 күміс жеңіп алдым.
- Тәуелсіз Қазақстан ретінде қысқы Олимпиадаға қатыссаңыздар да, елдің экономикалық жағдайы мәз емес еді. Осы орайда сіздер киім, спорттық құрал-жабдық жағынан мәселе туындады ма?
- Жеке өзім Қазақстан тарапынан материалдық қажеттілікке мұқтаж болмадым. Себебі 1994 жылға дейін Олимпиаданың 3 жүлдесі және әлем чемпионы деген атағым болған еді. Соның арқасында шетелдік демеушілермен келісімшарттарым болды. Әрі шетелде тұрақты жаттықтым. Тек қара басымды ғана ойлап қана қоймай, ұлттық құраманың шаңғышыларын да киіндіріп жүрдім. 1992-1999 жылдары аралығында жаттығуыма, бапкерлеріме толықтай дерлік өзім қаражат тауып отыруға тырыстым. Тек 1998 жылғы Нагано Олимпиадасының алдында Қазақстан біршама ақшалай көмек көрсетті.
- Сізге 1994 жылғы Олимпиадада чемпион болу мақсаты қойылды ма? Естуімізше сіз Олимпиада чемпионы атанған 50 шақырымда басты фаворит саналмадыңыз. Өзіңіздің чемпион болған сәтіңізді қалай қабылдадыңыз?
- Қазақстанның тұңғыш Олимпиадасы әрі экономикалық жағынан мәз емес болғанын ескерсек, қандай да бір талап қойылмады. Бірақ өзімнің мақсатым жоғары еді. Олимпиаданың соңғы күнінде ең беделді саналатын 50 шақырым қашықтықта топ жарғанда, арқамнан жүк түскендей болды. Өйткені Олимпиадада бала кезден бергі арманыма қол жеткіздім.
- Тұңғыш Олимпиада чемпионы атанғаныңызда Қазақстан жұрты қалай қабылдады?
- Қазақ халқы мен ел басшылығы қуанышпен қабылдады. Нәтижесінде өзімнің туған қалам Щучинсктен үй сыйлады. Өкінішке қарай, үй сол күйі салынбады. Президенті «Отан» орденін беруге уәде берді. 1995 жылы 4 шілде күні «Даңқ» орденімен марапатталдым. Әйтсе де болмашы дүниелер мені мүлдем алаңдатпады.
- Сіз спортты қойсаңыз да, Олимпиада ойындарына бақылауға барып тұрасыз. Осы уақытқа дейін көрермен ретінде барлық Олимпиадаға барып келе жатырсыз ба? Миланға да бару жоспарыңызда бар ма?
- 1998 жылы Нагано Олимпиадасында Халықаралық Олимпиада Комитеті аясында құрылған спортшылар комиссиясының мүшелігіне кірдім. Ал 2000 жылы аталмыш комитеттің толыққанды мүшесі атандым. Осының арқасында мен әр жазғы және қысқы Олимпиадаға арнайы шақыртумен барып жүрмін.
- Сұхбатыңызға рахмет!