Урбанист: қаланың қарқынды өсуі тұрғындардың әлеуметтік оқшаулануына әсер етуі мүмкін
Астананың жылдам дамуы мен халық санының тұрақты өсуі тұрғындардың әлеуметтік байланыстарына да әсер етіп отыр. Урбанист Тұрсын Жиенбаева мегаполисте өмір сүретін кейбір адам өзін көпшілік арасында жүрсе де жалғыз сезінуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының пікірінше, соңғы жылдары елордада жаңа тұрғын аудандар мен ірі тұрғын үй кешендері қарқынды салынып жатыр. Алайда физикалық инфрақұрылымның дамуы мен әлеуметтік ортаның қалыптасу қарқыны бірдей емес.
«Астана – өте жылдам өсіп жатқан қала. Халық саны артып, жаңа аудандар бой көтеруде. Бірақ әлеуметтік байланыстар мен жергілікті қауымдастықтардың қалыптасуы әлдеқайда ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан үлкен мегаполисте өмір сүретін адамның өзін әлеуметтік тұрғыдан оқшауланған сезінуі қалыпты жағдай», – деді Тұрсын Жиенбаева.
Оның айтуынша, қаланың кең аумаққа орналасуы да бұл мәселеге әсер етеді. Астанадағы кең даңғылдар, үлкен арақашықтықтар және функционалдық аймақтардың бір-бірінен алшақ орналасуы тұрғындардың күнделікті қарым-қатынас жасау мүмкіндігін азайтады.
Сарапшы әлемдік зерттеулерге сүйене отырып, адамдар арасындағы тұрақты әлеуметтік байланыстар көбіне үйден жаяу жетуге болатын шағын аумақта қалыптасатынын атап өтті.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көршілік қарым-қатынас пен қауымдастық мәдениеті адамдар жиі кездесетін, бірге уақыт өткізетін ортада қалыптасады. Сондықтан қаланы жоспарлау кезінде тек ғимараттар мен жолдарды ғана емес, адамдардың өзара араласуына мүмкіндік беретін қоғамдық кеңістіктерді де дамыту маңызды», – деді урбанист.
Маманның пікірінше, жайлы қоғамдық кеңістіктер, аулалар, саябақтар мен жаяу жүргінші аймақтарының көбеюі қала тұрғындарының бір-бірімен жақынырақ араласуына және әлеуметтік байланыстардың нығаюына ықпал етеді.
Бүған дейін урбанист Тұрсын Жиенбаеваның Астананың әлеуметтік келбетін талдағанын жаздық.