«Үнсіздік» қойылымы қоғамдағы проблемаларды үнсіздікпен шеше алмайтынымызды көрсетеді – актер

«Үнсіздік» қойылымы қоғамдағы проблемаларды үнсіздікпен шеше алмайтынымызды көрсетеді – актер
Фото: Астананың Музыкалық жас көрермен театры

Астанада Музыкалық жас көрермен театрында Жәнібек Әлікеннің «Үнсіздік» атты перфоманс бағытындағы қойылымы қойылды. Осы перфоманстың актеры Еламан Иманбаев қойылымның қоғамға айтар ойы мен мақсаты туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Бұл перфоманс қоғамдағы проблемаларды үнсіздікпен шеше алмайтынымызды көрсетеді. Қоғамның ащы шындығы, спектакльдегі персонаждар шынайы өмірде біз көре тұра мән бермейтін адамдар бар екенін көрсетеді. Мен бұл спектакльде – Диван батырын бейнелеймін. Өзінің таяз ойын барша көретін оқырмандарына жазып отыратын надандау блогерді сомдаймын. Бірақ оның да айтатын ащы шындығы бар. Осының бәрін комедиялық әзіл-сықақпен жеткіземіз. Жалпы спектакльдің үлкен айтар ойы бар» , - деді ол.

Актердың сөзінше, үнсіздік дегеніміз - дыбыстар естілмейтін кеңістік, адам санасының түкпіріне орныққан тып-тыныш ұғым болса да, қойылымдағы «Үнсіздік» түсінігі - керісінше, үнсіздіктің ар жағында тұрған адам санасындағы көзқарастар мен ұстанымдар, өмірдің шынайы келбеті, бүгінгі қоғамның бет-бейнесіндегі өзгерістер.

«Рухани құндылықтар жоғалған кезде өркениет қоғамнан алыстайды. Кез келген адамның жан-сарайының төрінде шындық пен адалдық, ар мен әділет, мөлдірлік пен рух тазалығы салтанат құруы тиіс. Жаңа драма заңдылықтары негізінде жазылып, перфоманс бағытында сахналанған туындыда сөз бен музыка үйлесім тауып, кейіпкерлер - табиғат пен адам, қоғам мен адам арасындағы үндестікті іздеуге шақырады» , - дейді ол.