Үкімет отырысында 2026-2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы жобасын қарау барысында Премьер-министр Олжас Бектенов қалдықтардың жиналуы әлемдегі ең өзекті экологиялық проблемалардың бірі екенін атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік банктің есептеріне сүйенсек, жыл сайын 2 млрд тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар пайда болады. Олардың басым бөлігі қайта өңделмейді. Сарапшылардың бағалауынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есеге артып, жылына 3,8 млрд тоннаға жетеді.
«Мемлекет басшысы еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігін үнемі айтып келеді. Ол үшін қалдықтардың барлық түрін толықтай қайта өңдеу керек. Бізде ол тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінің шамамен 25%-ын ғана құрап отыр. Осы мәселелерді шешу үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары іске асырылып жатыр. Қазір инвесторлар анықталып, олармен тиісті келісімдер жасалды», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Алдағы уақытта бұл тәжірибе өзге аймақтарға да таратылады.
Тұжырымдама шараларын жүзеге асыру бойынша үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.