ҰҒА жанынан «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы ашылды

Бүгін, 16:38
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ҰҒА жанынан «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы ашылды
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

17 сәуірде Алматы қаласында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жанынан Тұран университетінің базасында «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Салтанатты жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның құттықтау сөзі оқылып, «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ашылуы отандық гуманитарлық ғылымның жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға екені айтылды.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев орталық үш деңгейлі модель негізінде жұмыс жасайтынын баса айтты. Бұл - Ұлттық ғылым академиясы басқаратын орталық ғылыми хаб, ел ішіндегі университеттер мен ғылыми ұйымдарды біріктіретін ұлттық желі, сондай-ақ шетелдік алаңдарда құрылатын «Тұран орталықтары» мен «Тұран кафедралары».

Сонымен қатар ол «Turan Civilization Digital Atlas» платформасы, цифрлық архивтер мен жаңа білім беру бағдарламалары арқылы GIS, жасанды интеллект және интерактивті картографияны гуманитарлық зерттеулерге енгізу көзделетінін, бұл ғылыми нәтижелердің кең қолжетімділігін қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұл бастама Қазақстанның халықаралық гуманитарлық беделін арттырып, Ұлы дала өркениетін жаһандық ғылыми кеңістікте танымал брендке айналдыру арқылы елдің зияткерлік имиджін нығайтатынын алға тартты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек өз сөзінде «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ашылуымен шын жүректен құттықтап, бұл орталықтың құрылуы Ұлы даланы тұтас өркениеттік кеңістік ретінде ғылыми тұрғыдан зерделеуге, Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасын жаңаша пайымдауға және заманауи технологияларды гуманитарлық зерттеулермен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Аталған бастама ғылым, білім және сараптамалық қызметтің өзара ықпалдасуын күшейтіп, отандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді деп сенемін білдірді.

Іс-шараға  Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Түркияның консулдары мен дипломатиялық өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, академиктер мен жетекші сарапшылар қатысты.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық ғылым академиясына квазимемлекеттік сектор субъектісі мәртебесі берілгені туралы жаздық.