Түркістанда жылына 500 агродрон шығаратын зауыт іске қосылды
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласына арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіретін жаңа кәсіпорын жұмысын бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Avatar Agricultural Technology Development» серіктестігі жүзеге асырып отырған жоба аясында жылына 500-ге дейін агродрон құрастыру жоспарланған.

Кәсіпорында өндірілетін агродрондар егіс алқаптарын бүрку жұмыстарына арналған. Бір аппарат 70 литрге дейін жұмыс сұйықтығын көтеріп, 5 гектарға дейінгі жерді өңдей алады.
Мамандардың айтуынша, жаңа технология ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге алқаптарды өңдеу тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға және еңбек өнімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта компания агродрондарды жеткізуге қатысты 20 тапсырыс қабылдап үлгерген.
Кәсіпорын алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтуді көздеп отыр. Атап айтқанда, келесі жылдан бастап өрт сөндіруге және жүк тасымалдауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаруды игеру жоспарланған.

Жоба ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуге және отандық жоғары технологиялық өндірісті дамытуға бағытталған.
Бұған дейін елімізде ұшқышсыз жүйелер, жерүсті робототехникасы, кибертехнологиялар және тактикалық дайындық салалары бойынша SHAIQAS 2026 чемпионатының өтетінін жазған болатынбыз.