Тоқаев: Цифрлық державаға айналу – жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы

5 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Тоқаев: Цифрлық державаға айналу –  жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақстан цифрлық державаға ай­налуы керек. Бұл – қазіргі жаңа тех­но­ло­гия дәуірінде өркениетті ел болып қалу­дың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қа­зақ­станда азаматтарымыздың өмір сал­тын едәуір өзгерткен танымал фин­тех ком­паниялар табысты жұмыс істеп жатыр.   
Технология саласындағы нағыз әлем­дік алпауыттар – АҚШ пен Қытай ара­сындағы бәсеке қыза түсті. Америка бас­шысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асы­ры­ла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп са­найды. Қазірдің өзінде Қытайда жа­санды интеллект мәселесімен айна­лы­сатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ», - деді Президент.

Президент Қазақстанда да экономика мен қоғам­дық өмірге жасанды интеллектіні енгі­зу­ге басымдық беріліп отырғанын айтты. Оның айтуынша,еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүм­кін­діктері жаман емес. Мемлекет көр­сететін қызметтерді, қаржы тех­ноло­гия­ларын, экономиканың бірқатар сек­то­рын цифрландыру ісінде нақты же­тіс­тік­теріміз бар.

«ІТ-стартаптарды қол­дай­тын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс іс­теп тұр. Екі мың компанияның басын қос­қан Astana Hub инновациялық клас­тері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арнал­ған CryptoCity пилоттық аймағы құры­лып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мем­ле­кеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді ал­­дағы дәуірдің жаңа алтыны деп са­най­ды. 
Былтыр мамыр айында Жасанды ин­теллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары ша­қы­рылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жа­қында күшіне енеді. Жасанды ин­теллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясы­мен бірлесіп, дербес платформа құрды. 
Кәсіби кадрларды даярлау үшін мек­тептер мен университеттерде тиісті бі­лім беру бағдарламалары жүзеге асы­ры­лып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында бі­лім алды. Көп ұзамай Жасанды интел­лект мамандандырылған зерттеу уни­вер­ситеті ашылады. 
Жасанды интеллект пайда бо­л­ған­нан бері болашақтың кемесіне мініп үл­геретін елдер мен ескі заманда қалып қоя­тын елдердің арасы алшақтай бас­та­ды. Сондықтан, мен цифрлық техно­ло­гия­лар мен жасанды интеллектіні Қа­зақ­станның даму жолындағы басым ба­ғыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңыз­­ды жұмыстың табысты боларына сенемін», - деді  Мемлекет басшысы. 

Еске салайық, бұдан бұрын Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланғаны туралы жаздық.