Тоқаев: Ата заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады

Бүгін, 11:46
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев: Ата заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады
Фото: akorda.kz

Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту.

Жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді сақтай отырып, эволюциялық, яғни табиғи жолмен дамып келеміз. Бұл – өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ.

Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндеттерді атады.

«Біздің басты мақсатымыз – қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыру. Сарапшылар әлем экономикасының өсімі баяулап, халықаралық сауда қарқыны әлсірейді деген болжам жасауда. Дамушы елдерге салынатын жаһандық инвестиция көлемі азайып барады. Қаржы саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін.

Бүгінде көптеген ел өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең алды. Жаһандану үдерісі кері сипат ала бастады. Мұның бәрі әлемдегі геосаяси ахуалды өзгертіп жатыр. Бірақ негізгі әрі шешуші оқиғалар әлі алда.

Дүниежүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болуда. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін біз осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі.

Бұрынғы тәсілдер қазір тиімсіз болып қалғанын көріп отырмыз. Озық мемлекеттер әлем экономикасын дамытудың жаңа үлгісін әзірлеуге кірісіп кетті. Біз де бұл үдерістен шет қалмауымыз керек.

Ұлт мүддесін қорғау үшін экономиканы нығайтуға және дамытуға арналған нақты жоспар болуға тиіс. Дүниежүзіндегі экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті.

Біздің миссиямыз – айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс.

Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет», - деді Мемлекет басшысы.