Тойға қарыз алып, өтей алмаған павлодарлықты сот банкрот деп таныды

Бүгін, 20:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Тойға қарыз алып, өтей алмаған павлодарлықты сот банкрот деп таныды
Фото: freepik.com

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы өңір тұрғынын банкрот деп тану туралы арыз бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Павлодар соттарына сілтеме жасап. 

Әйелдің кредиторлар алдында қарызының болуына байланысты төлем қабілетсіздігін алға тартып сотқа жүгінген. Несие 2019 жылы отбасылық шараны өткізу үшін алынғаны анықталды. 

Сотқа жүгінген кезде жалпы қарыз сомасы 6 344 644 теңгені құрады. Арыз берушінің тұрақты табыс көзі жоқ, ал өзі кәмелетке толмаған екі бала өсіріп отыр. 

Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тартты. Алайда ол бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіріп, арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.

Сот алқасы, арыз берушінің берешегі заңмен белгіленген шекті шектен (айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген) асатынын, бірнеше кредиторлардың алдында міндеттемелері бар екенін, берешектің өтелмегеніне 12 айдан астам уақыт өткенін, бұрын банкроттық рәсімі қолданылмағанын анықтады.

Қаржы басқарушысының банкроттық рәсімін қолдану үшін негіз жоқ деген қорытындысы негізсіз деп танылды, себебі қарыз сомасы дұрыс анықталмаған.

Борышкердің теріс пиғылы туралы дәлел анықталған жоқ. Сондай-ақ сот жұмыс пен кірістің болмауы банкроттық рәсімді қолданудан бас тартуға негіз болып табылмайтынын, өйткені мұндай шарттар қолданыстағы заңнамада қарастырылмағанын атап өтті.

Сот арыз берушінің материалдық жағдайының нашарлауы объективті жағдайларға байланысты екенін және бұрын міндеттемелер тиісті түрде орындалғанын анықтады.

Сот алқасы арыз беруші төлемге қабілетсіз борышкер критерийлеріне сәйкес келеді, сот арқылы банкроттық рәсімді қолданудан бас тартуға негіз жоқ деген қорытындыға келді.

Істі қарау қорытындысы бойынша бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылды. 

Сот актісі заңды күшіне енді.