TikTok-тағы даулы видео үшін екі астаналық 5 тәулікке қамалды

TikTok-тағы даулы видео үшін екі астаналық 5 тәулікке қамалды
Фото: pexels.com

Астанада TikTok желісіне жарияланған бейнероликке байланысты екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қаланың Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай, Ш. және Н. есімді азаматтар қоғамдық орында орналасқан дәретханада терезенің автоматты күңгірттену функциясын әдейі қоспай, дәретхананы пайдалану процесін видеоға түсірген. Сонымен қатар олар бейнеролик түсіру барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Іс материалдарына сәйкес, түсірілген бейне кейін TikTok-та жарияланып, таралған. Нәтижесінде қоғамдық резонанс туған.

Сот құқық бұзушылық фактісі құқық бұзушылардың түсініктемесімен, оқиға орнындағы бейнежазбамен, полиция инспекторының рапортымен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен дәлелденгенін атап өтті.

Сот мәліметінше, жарияланған видео қоғамдық инфрақұрылым нысаны туралы теріс пікір қалыптастырып, оның қызметін қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы органдардың беделіне нұқсан келтірген.

Құқық бұзушылар кінәсын толық мойындады. Бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны да ескерілді.

Алайда сот олардың әрекетін алдын ала ойластырылған, топ болып жасағанын және әлеуметтік желіде жариялау мақсатында әзірлегенін құқық бұзушылық ретінде бағалады. Нәтижесінде Астана қаласы Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ш. мен Н.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін ІІМ бопсалаудың алдын алу шараларын күшейтіп жатқанын жаздық.