«Таза үй – Таза ел»: астаналықтар тұрмыстық қалдықтарды табысқа айналдыра алады

«Таза үй – Таза ел»: астаналықтар тұрмыстық қалдықтарды табысқа айналдыра алады
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Астана қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында «Таза үй – Таза ел» экологиялық бастамасы іске қосылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының қолдауымен «Жасыл даму» АҚ жобаның бастамашысы болды. Ал жобаны тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыруды «Astana Qaqazy» ЖШС қамтамасыз етті.

Бастама аясында елордадағы тұрғын үй кешендерінің аулалары мен аумақтарында қағаз және пластик қалдықтарын бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды. Тұрғындар картон, қағаз, пластик және бөтелкелерді таза күйінде сұрыптап тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Жиналған барлық қалдық қайта өңдеу зауыттарына жөнелтіліп, оларға «екінші өмір» беріледі.

Жоба «EcoQolday» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Контейнерлерді орнату қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын қалыптастыру мен қала тұрғындарын экологиялық жауапты мінез-құлыққа тартудағы маңызды практикалық қадам болды.

«Қалдықтарды бөлек жинау – бұл тек экология мен экономика мәселесі емес, сонымен қатар қоғамның экологиялық мәдениетінің көрсеткіші. «Таза үй – Таза ел» бастамасы әрбір елорда тұрғынына өз үйінің, қаласының және тұтас елінің тазалығы үшін жеке жауапкершілікті сезінуге, сондай-ақ осы арқылы табыс тауып, оны үйдің қажеттіліктеріне жұмсауға мүмкіндік береді», - деді «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов.

EcoQolday цифрлық платформасы қалдықтарды көму көлемін азайтуға, қайта өңдеу саласын дамытуға және ресурстарды тұтынуға саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Тұрғындар үшін бұл – қосымша шығындарсыз және қиындықсыз экологиялық бастамаларға қатысудың ыңғайлы әрі түсінікті құралы.

«Жасыл даму» АҚ және жоба серіктестері бастаманың географиясын кезең-кезеңімен кеңейтіп, қалдықтарды бөлек жинау жүйесіне барған сайын көбірек тұрғынды тартуды және Қазақстанда таза, орнықты әрі экологиялық жауапты ортаны қалыптастыру миссиясын дәйекті түрде іске асырмақ.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген сұхбатында «Таза Қазақстан» акциясын ерекше назарда ұстайтынын айтқан еді.