Президент «Таза Қазақстан» акциясын ерекше назарда ұстайды
Бұл туралы Мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі.
Мен осы жалпыхалықтық қозғалысты айрықша маңызды идеологиялық акция деп санаймын. Өйткені, тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс», - деді Президент.
Еске салайық, бұдан бұрын Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланғаны туралы жаздық.