Тараз университетінің ұжымы жаңа Ата заң жобасын талқылады

Тараз университетінің ұжымы жаңа Ата заң жобасын талқылады
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессор-оқытушы құрамы Конституцияның жаңа жобасын талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға қатысқан Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Ата заңның жаңа редакциясындағы тұжырымдамалық өзгерістердің мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейтуге, қазақстандық қоғамға тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды айқындауға, сондай-ақ саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. 

Сонымен қатар аймақ басшысы Конституциялық реформаға енгізілген өзгерістердің жастардың болашағы үшін маңызды қадам екеніне тоқталып, студенттерге Ата зЗаңның әр бабы мен тармағын түсіндіруді тапсырды.

«Жаңа Ата заң жобасында адами капиталды дамытуға басымдық беріліп, білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше назар аударылған. Бұл – өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Конституцияда аталған салаларға қатысты нормалардың нақты айқындалуы жауапкершілікті күшейтеді. Осы тұрғыда университеттің профессор-оқытушылары үшін Ата Заңның жаңа мәтінінің маңызы зор», – деді педагогика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Айсұлу Тұрарова.

Экономика және құқық факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ерлан Сарымбетов адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы мен мағыналық өзегіне айналғанын айтты. Сондай-ақ жаңа жалпыұлттық диалог алаңы Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуын оң әрі маңызды бастама ретінде бағалады.

Жиын соңында облыс әкімі университет ұжымына білім мен ғылым саласындағы жемісті еңбектері үшін алғысын білдірді.

Бұған дейін мәслихат депутаты Астанадағы спорт мектебінде Конституция жобасына арналған жиын өткізгенін жаздық.