Талдықорғанда прокурорлар заңсыз берілген 4,1 гектар жер учаскесін мемлекетке қайтарды
Жетісу облысының прокуратурасы «Ардагерлер саябағына» іргелес жатқан жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтарды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
«Cотпен Талдықорған қаласы прокурорының «Ардагерлер саябағына» іргелес орналасқан жалпы ауданы 4,1 гектар жер учаскесін жеке тұлғаға заңсыз беру фактісін заңсыз деп тану және аталған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару туралы талап арызы қанағаттандырылды. Қадағалау іс-шаралары барысында көрсетілген жер учаскесі орман-саябақ аймаққа жататыны және 2006 жылы заң талаптарын бұза отырып жеке меншікке заңсыз берілгені анықталды.Кейіннен жер учаскесі 44 жеке учаскеге бөлініп, 13 тұлғаға сатылған», - деп жазылған хабарламада.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Жетісу облысының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қорғау, сондай-ақ, ортақ пайдаланудағы аумақтарды сақтау бағытындағы жұмысты тұрақты негізде жүргізуде.
Бұған дейін Ақмола облысында 23 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жаздық.