Ақмола облысында 23 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Ақмола облысы Біржан сал ауданында жайылымдық және егістік жерлердің тапшылығы өзекті мәселелердің бірі. Бұл туралы облыс прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осыған байланысты 2025 жылдан бастап Біржан сал ауданының прокуратурасы «Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару» жобасын іске асыруда.
Қадағалау іс-шаралары барысында жер учаскелерін ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланбай Жер кодексінің талаптарын бұзған жер пайдаланушылар анықталды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жалпы кадастрлық құны 332,5 млн теңгені құрайтын 23,3 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жергілікті атқарушы органдарға қайтарылған жерлерді адал тұрғындар мен бизнес субъектілеріне беру ұсынылды.
Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және оларды ерікті түрде қайтару жұмыстары жалғасуда.
Бұған дейін Бас прокуратура аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялағанын жаздық.