Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды

5 қаңтар, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды
Фото: freepik.com

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Күдікті 2024-2025 жылдар аралығында Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйымның қызметкерімін деп таныстырып, қаражатты инвестициялау арқылы жоғары табысқа уәде беріп, азаматтарды әртүрлі тауарларды көтерме сатып алу және кейіннен сату бойынша бірлескен кәсіппен айналысуға шақырған.

Алайда ол өз міндеттемелерін орындамай, алған ақшасын жымқырып, қажеттілігіне жұмсаған.

Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде Қазақстанның 6 азаматына жалпы 100 млн теңгеден астам залал келтірілген.

Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

«Өткен жылдың тамызында күдікті Ресейде ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды», - делінген хабарламада.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.