Шымкентте 35 күн ес-түссіз жатқан науқас есін жиды
Шымкент қаласында 35 күн ес-түссіз жатқан науқас есін жиды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
31 жастағы науқас мотоциклмен жол апатына түскеннен кейін өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, алған жарақаты аса ауыр болып, өміріне үлкен қауіп төндірген.
Науқасқа бірнеше рет күрделі операциялар жасалды. Дәрігерлер комада жатқан оның оның өмірі үшін 35 күн бойы үздіксіз күресті. Өмір мен өлімнің арасында жатқан науқас бүгін көзін ашып, есін жиды. Қазіргі таңда өздігінен тамақтана бастады.
«Науқасқа қойылған диагноздар: ауыр қосарланған жарақат, жабық бас-ми жарақаты, ауыр дәрежедегі ашық бас-ми жарақаты, бас миының ауыр дәрежедегі соғылуы. Сонымен қатар сол жақ маңдай-төбе-самай сүйектерінің шытынап сынуы. Оң жақ самай аймағында және сол жақ төбе-самай аймағында жедел эпидуралды гематома, сол жақ маңдай және төбе аймағында, жарты шарлар арасындағы саңылау мен мишық шатыры бойында жедел субдуралды гематома тіркелген», делінген хабарламада.
Сондай-ақ кеуде қуысының жабық жарақаты, сол жақ үш қабырғасының ортаңғы бұғана сызығы бойымен шытынауы, сол жақ бұғана сүйегінің жабық сынуы, өкпенің соғылуы және бас миының ісінуі анықталған. Дәрігерлер науқастың бас сүйегіне трепанация жасап, сол жақ төбе аймағындағы жедел эпидуралды гематоманы алып тастады.
Еске сала кетсек, елімізде төрт жылда дәрі-дәрмек сатып алудан 70,5 млрд теңге үнемделді.