Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр - агенттік
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру, халықаралық міндеттемелерді орындау және жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Агенттік өз қызметінде әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелерін тұрақты негізде пайдаланып, оларды шешім қабылдау процесінде қолданады.
«Соңғы зерттеулерге сәйкес, жұртшылықтың жемқорлықты қабылдау деңгейі 31,9%-ға дейін төмендеді (2024 жылы – 32,9%). Сонымен қатар, жемқорлық деңгейін төмендетуге жеке өзі қатысуға дайын азаматтардың үлесі 69%-ға жетті (2024 жылы – 68,2%). Бұл көрсеткіштер қоғамдағы құқықтық мәдениеттің нығаюын және жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Әсіресе жастар мен бизнес өкілдері жемқорлыққа қарсы белсенді ұстаным көрсетіп отыр», - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Агенттік Парламентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған екі заң жобасын сүйемелдеуде. Аталған бастамалар мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысын реттеуді жетілдіруге, пара беру немесе оны ұсынуды уәде ету және пара талап ету үшін жауаптылық енгізуге, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты» анықтау тетіктерін күшейтуге және заңды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығын арттыруға бағытталған.
Осыған байланысты «Мүдделер қақтығысы» атты дербес тарау енгізу ұсынылып отыр. Онда мүдделер қақтығысының түрлерін нақты регламенттеу, «жеке мүдде» ұғымын айқындау және байланысты тұлғалар шеңберін кеңейту қарастырылған. Бұл құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа редакциядағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасы әзірленді. Онда мемлекеттік қызметтің құндылық бағдарлары қайта қаралып, қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар заңнамалық деңгейде бекітіледі. Мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделі енгізіліп, әдеп жөніндегі уәкіл институтын реформалау және құқық бұзушылықтардың алдын алдын алу қызметтерін құру көзделген.
Халықаралық бағытта ГРЕКО және ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асыру жалғасуда. ГРЕКО-ның 27 ұсынымының 6-уы орындалды, ал ЭЫДҰ-ның 86 ұсынымы іске асыру сатысында. Биыл Еуропа Кеңесі мен ЭЫДҰ-ның негізгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенцияларына қосылу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа бағдарламалық құжатын әзірлеу жұмыстары басталды. Жаңа құжат «Адал азамат», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарымен ұштасады.
Бағдарламалық құжатты әзірлеу процесіне Үкімет, сот және құқық қорғау органдары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар (ЭЫДҰ, ГРЕКО), академиялық, бизнес-қоғамдастық және азаматтық сектор өкілдері тартылатын болады.
Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру жөніндегі жұмысты алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.