«Сүйреп өлтіргені, жүкті болғаны расталмады»: Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот үкімі шықты

«Сүйреп өлтіргені, жүкті болғаны расталмады»: Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот үкімі шықты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелін өлтірген Айбар Жанболатты 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлады Elordainfo.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 22 маусымда түнде Айбар Жанболат мас күйде әйелі Айзат Жұманованы далаға шығарып, оның өмірлік маңызды мүшелеріне бірнеше рет соққы жасаған. Алған жарақаттардың салдарынан әйел ауруханада қайтыс болды.

Айбар Жанболаттың әрекеті Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіру) қаралды.

«Сотталушының кінәсі сараптамалар қорытындыларымен, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді», - деп жазылған сот хабарламасында.

Сот Айбар Жанболатқа 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмысты мас күйде жасау кінәні ауырлататын жағдай болып танылды. Жаза орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтеледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Күйеуі әйелін сүйреп өлтіргені және әйелдің жүкті болғаны туралы ақпарат сот-медициналық сараптамалармен расталған жоқ.

«Кісі өлтіру сүйреп жасалғаны және жүкті екендігі туралы дәлелдер тиісті сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен немесе сотта жауап алынған сарапшылардың айғақтарымен расталмады», - делінген сот мәлімдемесінде.

Сот барысында қорғаушылар Айбар Жанболаттың іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің басқа бабымен саралауды сұрады.

«Қорғаушы тараптың сотталушы іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша қайта саралау туралы дәлелдері негізсіз. Себебі марқұм әйел өмірмен сыйыспайтын көптеген дене жарақаттарын алып, бұл оның өліміне әкеп соқты. Бұл сотталушының жәбірленушіні өлтіруге тікелей ниетін көрсетеді», - деп жазылған сот түсініктемесінде.

Сондай-ақ сот шешіміне сәйкес, кінәлі жәбірленуші тарапқа 20 млн теңге көлемінде моральдық залалды өтеуі тиіс.

Бұған дейін сот немересінің пайдасына жасалған өсиетті заңды деп танығанын жаздық.