ШҚО-да заңсыз алтын өндірудің жолы кесілді: 4 адам ұсталды
Заңсыз алтын өндіру фактісі ағымдағы жылдың сәуір айында Күршім ауданы, Маралды ауылдық округінің «Көлшілік» учаскесінде рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Пайдалы қазбаларды өндіру ауыр мамандандырылған техника мен спутниктік байланыс құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылғаны белгілі болды.
«Қылмыс үстінде 4 адам ұсталды, оның ішінде мемлекетіміздің Шығысында заңсыз жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы да бар. Сонымен қатар, шынжыр табанды экскаватор, автокөлік, мотоцикл, қымбат тұратын металл іздегіштер, қол құралдары және өзге де жабдықтар тәркіленді», - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 295-1-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Тергеу мүддесіне байланысты, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.