SOS: елордадағы көпшілік жиналатын орындарда жедел шақыру батырмасы көбейтілді
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елорданың «Алматы» ауданындағы көпшілік жаппай жиналатын орындарда тағы бірнеше SOS жедел шақыру батырмасы орнатылды, деп хабарлады Elordainfo.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алматы» ауданы әкімдігі қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұған дейін аудан аумағындағы қоғамдық кеңістіктерге 4 SOS жедел шақыру батырмасы орнатылған болатын. Қосымша тағы 2 заманауи құрылғы пайдалануға беріліп, олардың жалпы саны 6-ға жетті. Бұл батырмалар адам өміріне, денсаулығына немесе қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда жедел түрде көмек шақыруға мүмкіндік береді. Дабыл сигналы бірден «102» арнасына түсіп, полициямен жедел байланыс орнатылады.
«SOS батырмаларын орнату құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді. «Алматы» ауданы әкімінің аппараты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы шараларды алдағы уақытта да жалғастырады», – деді аудан әкімдігінен.

SOS батырмалары «Триатлон», «Жастар», «Жерұйық» саябақтарында және Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы аумағында, «Гүлжан» сауда орталығында, №52 мектеп маңында орнатылған.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Астананы туристерге қауіпсіз әрі жайлы еткен урбанистік жобалар туралы жазған едік.