Астананы туристерге қауіпсіз әрі жайлы еткен урбанистік жобалар
Астана тұрғындар үшін де, туристер үшін де жайлы қалаға айналды. Elordainfo.kz тілшісі бас қаланы ыңғайлы әрі қауіпсіз еткен урбанистік шешімдер мен жобаларға шолу жасады.
Туристерге ақпарат беретін дүңгіршектер
Қалаға келетін кез келген туристке елорда туралы өзекті әрі толық мәлімет алу маңызды. Бұл мәселені шешу үшін Астана халықаралық әуежайында және «Бәйтерек» монументінің жанында туристерге ақпарат беретін арнайы Visit Astana дүңгіршектері орнатылған.


Туристерге дүңгіршектердің менеджерлері қала жайлы, тұратын орындар, қоғамдық тамақтану орындары, көрікті жерлер және ұялы байланыс туралы толық ақпарат береді. Қонақүйден орын брондауға көмектеседі, қажетті мекенжайларды айтады.
Сондай-ақ туристерге қажетті барлық ақпарат бір алаңға, visitastana.kz сайтына шоғырландырылған.
Taxi Point таксиге тапсырыс беру сервисі
Қалаға ұшып келген қонақтар әуежайда таксиге қауіпсіз тапсырыс бере алуы маңызды. Осы бағытта Астана халықаралық әуежайында Taxi Point таксиге тапсырыс берудің жаңа жүйесі қызмет көрсетеді. Бұл – Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы сервис. Осы жүйе арқылы туристер ұшып келгеннен кейін бірден белгіленген тариф бойынша таксиге тез әрі қауіпсіз тапсырыс бере алады.

Онда маршрутты таңдап, банк картасымен төлем жасап, таксидің келу уақыты, маркасы, түсі мен көлік нөмірі, сондай-ақ жүргізушінің байланыс нөмірі сияқты барлық ақпаратты алу мүмкіндігі қарастырылған. Сервис жеті тілде, яғни қазақ, орыс, ағылшын, қытай, испан, француз және түрік тілдерінде қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ Астанада шетелдіктерге жақсы таныс такси шақырту сервистері – Uber, Yandex те тәулік бойы жұмыс істейді.
Қоғамдық көлік жүйесі дамыған
Қала қонақтары елорданың кез келген жеріне тез әрі қауіпсіз жетуі үшін қоғамдық көлік желісі жақсы дамыған болуы тиіс. Бұл ретте Астанадағы жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көлік жүйесі жақсы жолға қойылған. Әуежайдан, вокзалдардан қала орталығына, жалпы, қаланың бір ауданынан екіншісіне қоғамдық көлікпен жылдам жетуге болады.


Автобустардың жүру сызбасын Avtobys, 2ГИС, Яндекс. Карты мобильдік қосымшалары арқылы бақылауға болады. Қоғамдық көліктердегі жол ақысын Visa және Mastercard банк карталары арқылы төлеуге мүмкіндік жасалған. Жалпы, елорданың қоғамдық көлігінде жолақы 5 түрлі тәсілмен төленеді: көлік картасымен, QR-кодты сканерлеу, банк картасымен, NFC технологиясы: Apple Pay, Samsung Play, Google Play арқылы, Аvtobus мобильді қосымшасымен Bluetooth, автобус коды, бақылау функциясы көмегімен.

Жолақы құны да қолжетімді, яғни 110 теңге. Қалада күнделікті 1300 автобус 110 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды.
Қыста жылы аялдамалар ішінде сәл бой жылытып, смартфоныңызды қуаттауға болады. Жаздың ыстығында осы жабық аялдамаларда салқын кондиционер қосылып тұрады.
Red Bus қызметі, CityPASS туристік картасы, білікті гидтер
Астанада музейлер, театрлар, галереялар, діни және спорттық ғимараттар сияқты 100-ден аса туристік нысан жұмыс істейді. Туристік нысандарды аралау үшін қалада қолайлы экскурсиялар жасалған. Өз бетінше саяхаттайтындар үшін сегіз тілде аудионұсқаулығы бар Red Bus экскурсиялық автобустары және шаһармен танысуды ыңғайлы әрі қолжетімді ететін CityPASS туристік картасы қызмет көрсетеді.

Елордада гидтерді даярлауға жіті көңіл бөлінеді. Биылдың өзінде 50 маман экскурсиялар өткізу үшін оқытудан және аккредиттеуден өтті. Қытайдан келген қонақтарды қабылдау үшін қытай тілін меңгерген 20 гид дайындалды.
Велосипедпен және самокатпен серуен
Велосипед не самокат сияқты жедел көлік ұнататын елорда қонақтарына да жағдай жасалған. Қалада шетелдік туристер велосипедті немесе электрсамокатты жалға алып, веложолдармен серуендей алады. Велосипед пен самокаттарды жалға беретін сервистер қарастырылған.
Велосипед әуесқойлары Триатлон саябағында және Ботаникалық бақта уақыт өткізе алады.
Елордадағы веложолдардың ұзындығы 152,75 шақырымға жетті.
Жаяу серуен
Елордада жаяу жүргіншілерге ыңғайлы, кең әрі тегіс, пандустары бар тротуарлар салынған. Жолды қауіпсіз өту үшін бағдаршамдар, жерасты және жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылған. Жарық диодты шамдар орнатылған. Жол бойына ағаштар отырғызылған. Жаздың күндері әдемі гүлдермен көмкеріледі. Сәл тыныстап демалу үшін орындықтар қойылған. Әр аттам жерде қоқыс жәшіктері тұрады. Қаладағы қоқыс жәшіктерінің формасы, көлемі әртүрлі, тіпті сыртқы дизайны әдемі безендірілгендерін де көруге болады. Жазда кейбірінің үстінде гүл өсіріледі.

Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға бейімделген экскурсиялық жаяу жүргіншілер жолы әзірленді. Соның ішінде «Нұржол» бульвары, Ботаникалық бақ және Есіл жағалауы бар.
Саябақтар, аллеялар, қоғамдық кеңістіктер
Астанада таза ауада серуендеуге арналған ондаған саябақ, аллея, қоғамдық кеңістіктер бар. Тұрғындар мен туристердің сүйікті орындарының бірі қаладағы өзен жағалаулары серуен құруға өте қолайлы. Қаланың кез келген ауданында абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер қарастырылған.
Бүгінде елорда әкімдігінің қызметтері қаланың барлық ауданында гүл бақтары, аллеялар мен саябақтар болуы керек деген принциппен жұмыс істеп жатыр.
Полиорталық принципі бойынша урбанистер елордада тұрғындардың және туристердің тынығып демалатын орындарға баруы үшін ұзақ жүрмей-ақ, көшеге шыға салысымен, серуендеуге ыңғайлы орта қалыптастыруды ескерген. Сондықтан қаланың әр ауданында әсем қоғамдық кеңістіктер қолжетімді болып табылады.
Сондай-ақ Есіл өзені бойындағы барлық саябақтарды бірыңғай вело және жаяу жүргінші жолдармен байланыстыру жоспары жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұрғындар мен туристер үшін өте қолайлы жүйе қалыптастырды.
Қауіпсіз әрі таза көшелер
Туристер үшін қала аумағының тазалығы мен қауіпсіздігі айтарлықтай маңызды. Астана көшелері таза әрі қауіпсіз. Күнделікті жүздеген адам тазалық жұмысымен айналысады. Ал қыстың күндері қар қалың жауып, коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшкенде, елорда көшелерінің тазалығына мыңдаған адам мен жүздеген техника жұмылдырылады.

iKOMEK109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы қала аумағындағы 12 мыңнан аса бейнебақылау камерасына қосылған. Камералар көше қиылыстары мен адамдар көп жиналатын орындарды, яғни сауда ойын-сауық орталықтарын, мешіттерді, ірі автобус аялдамалары мен вокзалдарды қамтиды. Қауіпсіздікті неғұрлым тиімді үйлестіру және орталықтандырылған мониторинг жүргізу үшін iKOMEK109-да Астана Полиция департаментінің қызметкерлері жұмыс істейді.
Туристік полиция қызметі
Тәулік бойы қала көшелерінің қауіпсіздігін жаяу және автопатрульдік тәртіп сақшылары қамтамасыз етеді. Оған қоса, арнайы туристік полиция жасақталған.
Елордада қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқарып жүрген туристік полиция инспекторлары күн сайын қала қонақтарына түрлі бағытта ақпараттық және тәжірибелік көмек көрсетеді.
Туристік полицияның негізгі міндеті – елорда қонақтарына қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау, сондай-ақ ақпараттық қолдау көрсету. Полиция қызметкерлері туристерге қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, жолда жүру ережелерін орындау және жеке құжаттарын қатаң бақылауда ұстау жөнінде профилактикалық кеңестер береді, жоғалған заттарын табуға көмектесіп, қажет жеріне жету жөнінде мәлімет бөліседі. Туристік полиция сақшыларының шет тілдерді меңгеруі алыстан келген қонақтар үшін қолайлы жағдай жасайды.
Меймандар үшін жайлы баспана
Елордадағы тұрғын үй кешендері мен қонақүйлер әлемдік стандарттарға сай салынып жатыр. Қазіргі таңда ғимараттардың келбетіне ғана емес, ең бастысы қолайлылық тұрғысынан халықаралық талаптарға сәйкес жасалуына ерекше мән беріледі. Ыңғайлы пандустар мен кіреберістер, жарықтандыру мен барлық мүмкіндіктер қарастырылған аулалар – мұның бәрі Астанаға қонақ болып келген туристерге елордада сапалы демалыс пен жайлы уақыт сыйлайды.
Бұдан бұрын форумдар мен концерттер сияқты қаладағы айшықты оқиғалар Астананы қалай тартымды еткенін жазған едік.