Сенатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысы талқыланды

Бүгін, 17:43
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Сенатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысы талқыланды
Фото: МҚІА

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүкісімов Сенат отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысы туралы баяндама жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өткен жылы Президент Жарлығына сәйкес агенттікке жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту мен құқық бұзушылықтардың алдын алу өкілеттіктері берілген болатын. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде.

Салауат Сыйлыбайұлы өз баяндамасында Жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында жоспарланған 61 іс-шараның 46-сы орындалғанын (75%) атап өтті. Оның айтуынша, цифрландыру және бюрократиядан арылту реформалардың негізгі бағытына айналуда. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар «Цифрлық теңге» платформасында бюджет қаражатының қозғалысын соңғы алушыға дейін қадағалауға мүмкіндік беретін «ақшаны бояу» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл бастама қаржының ашықтығын арттырып, олардың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

«2025 жылғы мониторинг нәтижесінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң талаптарын бұзудың 122 фактісі анықталып, 13 адам әкімшілік, 58 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 43 тұлға мемлекеттік қызметтен босатылды. Жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдаулар аясында 655 ұсыным беріліп, оның 57%-ы орындалды.

Қазіргі уақытта Парламентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған екі заң жобасы қаралуда. Сондай-ақ жаңа редакциядағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасы әзірленді. Онда Мемлекеттік қызметтің құндылықтары қайта қаралып, моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар заңнамалық деңгейде бекітіледі. Клиентке бағдарланған мінез-құлық моделі енгізіліп, әдеп жөніндегі уәкіл институты реформаланып, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері күшейтіледі», - делінген хабарламада.

Агенттік халықаралық ұсынымдарды іске асыруды жалғастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.