Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

Бүгін, 12:08
Думан Аманжол Думан Аманжол
Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елорданың халықаралық әуежайында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілерімен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Кездесуге жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық штабының төрағасы Ерлан Каналимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық кеңес мүшесі Марат Бәшімов, AMANAT партиясының Астана қаласы «Есіл» аудандық филиалының төрағасы, «Есіл» ауданы бойынша коалиция штабының басшысы Санира Жүсіпова, Астана қалалық мәслихатының депутаты, жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық штабы төрағасының орынбасары Ғабит Тәжімұратов, сондай-ақ қоғам белсендісі, кәсіпкер әрі блогер Әсем Нұрсейітова қатысты.

Кездесу барысында мәслихат депутаты, жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық штабы төрағасының орынбасары Ғабит Тәжімұратов жаңа Конституция жобасы еліміздің болашағына қатысты маңызды құжат екенін айтты.

«Бұл – еліміздің келешегіне бағытталған маңызды қадам. Жаңа Конституция жобасында еліміздің деңгейін көтеретін көптеген нормалар қарастырылған. Қазіргі геосаяси жағдай күрделі, әлемде соғыстар болып жатыр. Сондықтан елімізге тұрақтылық қажет. Ал тұрақтылық болуы үшін осындай заңдар керек. Сондай-ақ, қазіргі таңда еліміздің жағдайы жақсарып келеді. Осы орайда сіздерге жаңа Конституция жобасымен мұқият танысып шығуды ұсынамын», - деді спикер.

AMANAT партиясының Астана қаласы «Есіл» аудандық филиалының төрағасы, «Есіл» ауданы бойынша коалиция штабының басшысы Санира Жүсіпова өз сөзінде әр азамат өзгерісті өзінен бастауы керек екенін айтты.

«Біз қандай қызметте болсақ та, ең алдымен тәуелсіз Қазақстанның азаматымыз. Сондықтан барша қазақстандықтарды дауыс беруге шақырамын. Әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру біздің қолымызда. Жаңа Конституцияда ең басты құндылық - адам капиталы. Біздің құқықтарымыздың қорғалуы да осы құжатта айқын көрсетілген», - деді ол.

Кездесу барысында спикерлер мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайту, елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігі үшін жаңа конституциялық бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Коалиция өкілдері азаматтарды ұсынылып отырған заң жобасымен танысып, ел болашағына қатысты алдағы маңызды референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Еске сала кетсек, белгілі өнер қайраткерлері «Халықтың Ата заңы» атты әнді бірге шырқады.