Референдум-2026

Сауда желілерінде ең көп сатылатын 20 тауардың 14-і елімізде өндірілген - Сауда желілері одағы

Сауда желілерінде ең көп сатылатын 20 тауардың 14-і елімізде өндірілген - Сауда желілері одағы
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстандық тауарлар ірі сауда желілерінің негізгі санаттарындағы сөрелердің 81%-ын алады. Сүт өнімдерінде бұл үлес 87%-ға, ал азық-түлікте 79%-ға жетеді. Мұндай деректерді Үкімет отырысында Қазақстанның сауда желілері одағының басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиев келтірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Одақтың мәліметінше, желілерде ең көп сатылатын 20 тауардың 14-і елімізде шығарылады. Жергілікті өндірушілердің сауда алаңдарына қол жеткізуін жеңілдету үшін ритейл иелері кіру процедурасын бес қадамға дейін стандарттаған, оның ішінде 5-10 дүкенге тауарын қоюға мүмкіндік беретін «сынақ сөресі» де бар.

«Меншікті сауда маркалары бойынша ассортименттердің 50%-дан астамы Қазақстанда өндіріледі. Кәсіпорын үшін бұл – ұзақ мерзімді кепілдендірілген тапсырыс, болжамды қуат жүктемесі, брендке инвестиция салмай-ақ сөреге шығу және өнімін ілгерілету мүмкіндігі, біз бұл шығындардың барлығын өзімізге аламыз. Көптеген шағын өндіріс иелері үшін бұл ұлттық нарыққа шығудың жалғыз әрі нақты жолы», - деді Эльбеги Абдиев.

Одақ басшысының орынбасары ӘКК-мен айналым схемасы бойынша бірлескен жұмыс сатып алушыларға 2025 жылы 1,5 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік бергенін айтты. Сонымен қатар, желілерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 21 позициясы бойынша асыра баға қоюға мораторий енгізілді, ал меншікті сауда маркалары бойынша жалпы тауар айналымы 10%-дан асты.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр дүкен сөрелерінде отандық өнімдердің ұсынылуын кеңейту ұлттық өндірушілерді қолдаудың және экономикалық патриотизмді қалыптастырудың негізгі бағытының бірі болып қала беретінін атап өтті. Осыған байланысты Олжас Бектенов қазақстандық тауарларды ішкі нарықта одан әрі ілгерілету үшін мемлекеттік органдардың, бизнестің және «Атамекен» ҰКП-ның бірлескен жұмысын жандандыруды тапсырды.

Еске сала кетсек, Қазақстан негізгі өнімдер бойынша ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр.